Бұл күні таңның атысынан себелеп жауған жаңбыр бір толастамады. Бұлт торлаған аспаннан еш жылылық сезілмейді. Түнерген аспанға қарап, еңсем түсіңкіреп, орталық алаңға бет алдым. Қол шатырларын ұстап Астана күнін тойлау үшін мерекелік алаңға асыққандардың қарасы қалыңдай түскенін көріп, көңілім көтеріліп сала берді.
Шынында да, бас қаламыз – Астананың туған күнін тойлауға шыққан қызылжарлықтардың мерекелік көңіл-күйіне күннің райы кедергі бола алмады. Өңіріміздің өнер ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынса, жергілікті аспаздар түрлі дәмді тағамдар әзірлеп, ыстық шайын қайнатып, сауданың көрігін қыздырып жатты.
Денелері тоңазыса да, қарны тоқ, уайымы жоқ қызылжарлықтар мен қала қонақтары мерекеге орай ұйымдастырылған түрлі шараларды тамашалады.
Орталық алаңда өткен “Жайнай бер, жарқырай бер, жас Астана!” мерекелік концертінде жергілікті өнерпаздармен қатар олардың астаналық әріптестері де өнер көрсетті. Елордадағы “Астана Опера” опера және балет театрының, Президенттік оркестрдің әртістері арнайы келіп, ән-жырдан шашу шашты.
– Бұған дейін де Қызылжар өңіріне арнайы шақыртумен бірнеше рет келіп, концерт берген едік. Осы жолы да солтүстікқазақстандықтарға өнерімізді тарту етіп отырмыз. Еліміз үшін айтулы мерекелерде өңірлерге шығып, халықтың алдында өнер көрсету әр әнші үшін әсерлі екені сөзсіз. Халықтың ыстық ықыласының арқасында ауа райының қолайсыздығын да сезінбедік, – дейді Президенттік оркестрдің әншісі Айзат Қарабекова.
Ал жерлесіміз Гүлсара Жазитова бүгінде “Астана Опера” театрында еңбек етеді. Осы уақытқа дейін шетел сахналарында өнер көрсеткен ару Қызылжардың қадірлі тыңдармандарымен кездескеніне қуанышты.
– “Сабақты ине – сәтімен” демекші, Астана күнінде туған жердің төрінде ән шырқағаныма қуаныштымын. Себебі, Қызылжар – менің өнер әлеміне “тұсауымды кескен” киелі жер, – деді Гүлсара Жазитова.
Қазақстан Конституциясы көшесі бойында өтуі тиіс көптеген мәдени, танымдық, спорттық шаралардың дені толастамай жауған жаңбырдың салдарынан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, Достық үйіне көшірілді. Ашық аспан астында емес, ғимарат ішінде өтсе де, бұл шараларға деген қызығушылық азайған жоқ.
Соның бірі – “Hip-hop and Break Battle” байқауы. Жастар арасында аса танымал және кең таралған көше билері бойынша өткен байқауға елу шақты жасөспірім қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, төрт аталым бойынша өткен байқауда кәсіпқойлармен қатар әуесқойлар да бақ сынады. Бишілер өнерлерін Астанаға арнады. Ал барлығының басты армандары – бас қалада өтетін осындай жарыстарға қатысып, қазақстандық қана емес, халықаралық деңгейдегі қарсыластарынан басым болу. “Нептун” фитнес клубының жаттықтырушысы Сергей Жамалиев шәкірттерін Астанада және Ресейде өтетін жарыстарға жиі апарады екен. Үмітін ақтап жүрген шәкірттері ірі байқаулардан жүлдесіз оралмайды. Бүгін де олардың жеңімпаз болатынына сенімді. Байқауда үздіктер анықталып, көше биінің сәнін көрсете білгендерді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Бұдан өзге “Арт-бульвар” көрмесі, “Астана – біздің мақтанышымыз!” фотокөрмесі, “ЭКСПО” энергиясы” – зырылдауық ойыншықтар дайындау бойынша шеберлік сыныптары”, мольберт салу конкурсы сынды түрлі шаралар да өтті. Қызылжарлықтар “Арт-бульвар” көрмесінде Отан, туған жер тақырыбында салынған картиналарды тамашалады. Көрмеге қойылған елуден астам картина – есілдік Вячеслав Смирнов пен қызылжарлық Игорь Поляковтың туындылары. Бірі кәсіпкер болса, екіншісі – дәрігер. Мүлдем басқа салада еңбек етіп жүрген екеуін қылқаламға деген сүйіспеншіліктері бір көрмеде тоғыстырып отыр.
Көзқарасы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар суретшілермен қатар балалардың да туындылары көрермен назарына ұсынылды. Бала көңілі көзбен көргенін ақ қағазға түсіріп, Астананың ең айшықты ғимараттарын әспеттеген екен. 6-14 жас аралығындағы балалар ұстаздарының көмегінің арқасында конструкциясы күрделі ғимараттардың сұлбасын салып қана қоймай, өз қиялымен түрлендіріп, шығармашылық қабілетін көрсетті.
Әр жастағы қызылжарлықтар үшін шаралар легі қала тұрғындарының қатысуымен өткен веложарысқа ұласты. Бұл шара Александр Винокуров атындағы Спорт сарайы ғимаратынан бастау алып, қалалық Жеңіс саябағындағы мәреге дейін жалғасты. Веложарысқа 4 және 70 жас аралығындағы 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында кәсіпқой велосипедшілер, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың әкесі Николай Винокуров та болды. Тіпті, үш доңғалақты велосипедімен жарыс жолына шыққан бүлдіршіндер де кездесті. Мәре сызығына бірінші болып жеткендер де, болашақта велосипедші боламын деген ең жас қатысушы – төрт жасар Егор Парахин де бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал күн қарайған шақта қаланың шығармашылық ұжымының қатысуымен кешкі мерекелік концерт ұйымдастырылып, Астана күніне арналған отшашу түнгі аспанның түндігін түргендей болды. Бейбіт заманда әр мерекемізді осылай алаңсыз тойлай алсақ, жаңбыр деген не тәйірі, ол да Құдайдың нұры емес пе?!
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.