«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ…

2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда бөлшек сауда көлемі – 15,1%-ға, негізгі капиталға салынған инвестиция – 8,7%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 3,5%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,6%-ға ұлғайды.

2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 115,1 млрд. теңгені құрады, ол 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 8,7%-ға артық.

Негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржыландыру көзінің 70,9%-ы шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты болып табылды, мемлекеттік бюджет қаражаты – 19,9%-ды, өзге қарыз қаражаты – 6,2%-ды, банктердің кредиттері 3%-ды құрады.  

Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 43,4%, өнеркәсіп – 21,6%, көлік және қоймалау – 17,9%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 6,2% негізгі капиталға салынған инвестицияларды игеру бойынша басым салалар болып табылады.

2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 283,5 млрд. теңгені құрады. Мал мен құстың барлық түрлері 91,9 мың тонна тірідей салмақпен союға өткізілді (2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда 103,9%), 473,3 мың тонна сиыр сүті сауылды (103,2%), 543 млн. дана тауық жұмыртқасы алынды (111,5%).

2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары (шағын, қосалқы кәсіпорындарды, үй шаруашылығы секторын қоса) қолданыстағы бағамен 159,6 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 3,5%-ға артық.

Өнеркәсіп өндірісі құрылымында 75,7%-ды алатын өңдеу өнеркәсібінде 120,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді немесе 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 103,4%-ды құрады.

2013 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда азық-түлік өндіру 6,4%-ға өсті.

2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда күнбағыс майы 1,9 есе, рапс майы және оның фракциялары – 1,7 есе, өңделген сұйық сүт пен кілегей – 15,2%-ға, сары-май 10,9%-ға көп өндірілді.

Теріден және соған жатқызылатын өнімді өндіру 10,7 есе, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру 3 есе, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру 32,3%-ға ұлғайды.

Барлық меншік нысанындағы құрылыс-монтаж ұйымдарының өз күшімен 37,8 млрд. теңгенің мердігерлік жұмыстары атқарылды немесе 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 102,6% болды. 2014 жылғы қаңтар-желтоқсанда жаңа 621 ғимараттың құрылысы аяқталды, оның 559-ы – тұрғын және 62-сі – тұрғын емес мақсаттағы қонысжайлар. Негізгі құрал-жабдықтар 93,9 млрд. теңге сомасында іске қосылды, оның 51,5%-ы ауыл, орман және балық шаруашылығына тиесілі.

Облыс аумағында тұрғындар және кәсіпорындар жалпы аумағы 120,1 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызды (2013 жылғы деңгейдің 104,4%-ы).

2014 жылғы қаңтар-желтоқсандағы бөлшек сауда көлемі 159,2 млрд. теңгені құрап, 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 15,1%-ға ұлғайды. Базарлар мен жеке кәсіпкерлер үлесіне бөлшек сауда көлемінің 51,2%-ы келеді. Көтерме сауда көлемі 376,7 млрд. теңгені немесе 2013 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 124,1%-ды құрады.

 

…ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫНЫҢ ҚЫСҚАША ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

2014 жылғы 1 желтоқсанда облысымыздағы тұрғындар саны 572 мың адамды құрады, оның ішінде 242,8 мың адам (42,5%) қалалық жерде, 329,2 мың адам (57,5%) ауылдық жерде орналасқан. Облыс аумағында Қазақстан Республикасы халқының 3,3%-ы тұрады.  

2014 жылғы қаңтар-қарашада жаңа туған 7553 сәби тіркелді, бұл 2013 жылғы сәйкес кезеңнен 5%-ға аз, қайтыс болғандар саны 6335 адам (9,7%-ға төмен), 4148 некелесу және 1990 ажырасу тіркелді. 2014 жылғы қаңтар-қарашада тұрғындардың табиғи өсімі 1218 адамды құрады (өткен жылғы сәйкес кезеңде – 935 адам).

2014 жылғы қаңтар-қарашада қызметкерлерге есептелінген нақтылы орташа айлық жалақы (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарсыз) 78756 теңгені құрады, бұл 2013 жылғы қаңтар-қарашадағыдан 7,5%-ға артық.

Валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша орташа айлық жалақы 2014 жылғы қаңтар-қарашада 435,4 АҚШ долларын немесе 349 еуроны құрады.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 2014 жылғы қаңтар-қарашада 2013 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 18,8%-ға, құрылыста – 17,7%-ға, көлік және қоймалауда – 11,3%-ға, өнеркәсіпте 9,5%-ға өсті.

Көлік және қоймалауда жалақы 117616 теңгені құрады, құрылыста – 85168 теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер көрсетуде – 81106 теңге, өнеркәсіпте – 81018 теңге, ауыл шаруашылығында – 69052 теңге, саудада – 64661 теңге, білім беруде 64597 теңге болды.

Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде есепте тұрған азаматтар саны 2014 жылғы желтоқсан айының соңында 931 адамды құрады. Экономикалық белсенді тұрғындар арасында тіркелген жұмыссыздар үлесі – 0,3%. Үстіміздегі жылғы қаңтар-желтоқсанда 11686 адам еңбекпен қамтылды.

Ең төменгі тұтыну нормаларынан есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы, орташа алғанда, жан басына шаққанда 2014 жылғы желтоқсанда 17249 теңгені құрады және өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 9,2%-ға өсті. Азық-түлік қоржынының құны 10349 теңгеге жетті.

Тұтыну бағасының индексі 2014 жылғы желтоқсанда 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 107,2%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 8%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 8,1%-ға, ақылы қызметтер 5,6%-ға өсті.

2014 жылғы желтоқсанда еттің бағасы (ет өнімдерін қоса алғанда) – 0,4%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма – 1,3%-ға, балық және теңіз өнімдері – 2,5%-ға, жеміс және көкөністер 2,9%-ға көтерілгені байқалды.

Жуу және тазалау құралдарына баға өсімі 2,7%-ды, жеке бас күтіміне арналған тауарлар 1,5%-ды құрады. Киім мен аяқкиімнің жекелеген түрлері, үй тұрмысына қажетті заттар, тұрмыстық техника орташа есеппен 1,2%-ға қымбаттады. Бензин 7,2%-ға арзандады.

Қала ішінде автобуспен жол жүру 30%-ға қымбаттады. Әуе жолаушылары көлігінің қызметтері 9,5%-ға көтерілді. Сонымен бірге, темір жол жолаушылары көлігімен жол жүру 5,6%-ға арзандады.

Облыстық статистика департаменті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp