«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС БАСШЫСЫ ОҢ БАҒА БЕРДІ

Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековтің тұрғындар алдындағы есепті кездесуіне қатысқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс орталығының іргесіндегі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне оң баға берді.

Бүгінгі күні 45 мың тұрғыны бар ауданда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары экономиканың өсіміне серпін беріп отыр. Соның арқасында тұрақты жұмысы бар белсенді тұрғындардың саны 25 мыңнан асқан. Болат Серікұлының айтуынша, бүгінгі күні аудан бойынша 304 агроқұрылым бар, соның 60-ы – ірі серіктестік, ал қалғандары – шаруа қожалықтары. Олардың дені егіншілікпен қатар, мал өсірумен де айналысуда. Былтырдың өзінде 800-ге тарта ірі қара сатып алыныпты. Қара мал саны 35 мыңнан асады, қой-ешкі басы 20 мыңға жуықтаса, жылқы 5 мыңнан асқан.

Былтыр ел қазынасынан тұқым шаруашылығын дамытуға, минералды тыңайтқыштар үшін және көктемгі-дала жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам субсидия бөлінген. Яғни, мемлекеттік бағдарламаларға атсалысып жатқан ауыл шаруашылығы өкілдері қолдауды сезініп, өз істерін дамытуға мүмкіндік алып отыр. “Баубақша баптаушылардың өнімі ауданның ішкі сұранысын қанағаттандырады”, – деді Болат Жұмабеков. “Зенченко және К” КС-і, “Молсервис”, “Десерт” серіктестіктерінің сүт өнімдері тұрғындардың сұранысына ие екен. Ауданда 9 кәсіпорын – нан-тоқаш, 7 кәсіпорын – еттен жасалған жартылай фабрикат өнімдерін және 4 фабрика жұмыртқа өндіреді.

“Жұмыспен қамту – 2020”, “Бизнестің жол картасы – 2020”, өңірлерді дамыту бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстар бір төбе.

Аудан әкімі Болат Жұмабеков денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы және тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов жалпы облыстың өсу қарқыны тікелей ауыл шаруашылығы саласына тәуелді екенін айтып, былтырғы жылы өңір бойынша 5,5 миллион тонна астық жинауға Қызылжар ауданының диқандары да елеулі үлес қосқанын тілге тиек етті. Аудан гектарынан 21,8 центнерден өнім алып, жақсы нәтижемен көш бастаған. “Ауыл шаруашылығындағы өсім қарқыны бойынша біздің облыс республикада үшінші орынға табан тіреді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауының және жүргізіліп жатқан агротехникалық кешенді іс-шаралардың нәтижесінде мүмкін болып отыр”,– деді Ерік Хамзаұлы.

Облыс басшысы ауданда “Алтын Асық”, “Сыбаға” бағдарламаларына қызығушылық білдірушілердің аздығын, етті экспорттау бойынша да жоспар орындалмағанын сынға алды. Мұнымен қатар, аудан бойынша 10 диірмен тіркелсе, бүгінгі күні соның 7-еуі жұмыс істемейді екен. Аудан әкімі Болат Жұмабековке жергілікті жердегі кәсіпорындардың қуаттылығына талдау жасап, жаңа өндіріс орындарын ашып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың санын арттыруды тапсырды. Ерік Хамзаұлы өнеркәсіп саласы жұмысшыларының облыстың орта көрсеткішінен төмен жалақы алып жүргеніне де назар аударып, бұл олқылықты да түзеу қажеттігін айтты.

Аудандық Мәдениет үйіне жиналған тұрғындар өз кезектерінде көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Жол мәселесін көтергендер көп болды. Аудан әкімі биыл да бірнеше ауылдық, аудандық маңыздағы жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланғанын сөз етті. Прибрежный ауылының тұрғындары жаңа салған үйлерге жарық тарта алмай отырмыз, дейді. Бұл проблема да жергілікті басшының қарауына алынды.

Есепті кездесуден кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Нұрлы көш” бағдарламасымен бой көтерген Бәйтерек ауылына ат басын бұрып, мұндағы биыл салынатын мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. 300 орындық білім беру мекемесін “Севимсталькон” мердігерлік ұйымы тұрғызуда. Жаңа ғимарат үшін биыл облыстық бюджеттен 205 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі күні мектептің іргетасы қаланған. Өңір басшысы серіктестік директоры Сұлтан Газдиевке құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp