«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ФОРУМЫ

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың бастамасымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің мәжіліс залында облыс кәсіпкерлерінің “Қазақстанда жасалған” деп аталатын форумы өтті. Оған “NADLoC” агенттігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ұлттық компаниялар мен холдингтердің, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ведомстволар мен ұйымдардың, отандық тауар өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Кәсіпкерлер форумының пленарлық мәжілісін жүргізген “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Данат Жумин “Қазақстанда жасалған” акциясы бастау алғаннан бері отандық тауарлардың өтуі 70 пайызға артқандығын, оған еліміздегі ірі сауда желілерінің 90 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында 97 пайызы үн қосқанын атап айтты.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өзінің құттықтау сөзінде:

– Бүгінгі таңда баршамыздың алдымызда отандық тауар өндірісін дамыту міндеті тұр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкіметтің алдына қазақстандық үлесті кем дегенде 50 пайызға жеткізу міндетін қойды. Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету қажеттігін атап көрсетті. Бүгінгі таңда облысымызда осы тапсырмаларды орындау бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. “Қазақстанда жасалған” акциясы аясында өңірдің сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болды. Барлық деңгейде түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Акцияға БАҚ өкілдері белсенді түрде қолдау көрсетуде, – дей келіп, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғандығына нақты мысалдар келтірді, форумның жұмысына сәттілік тіледі.

Ерік Хамзаұлының құттықтау сөзінен кейін форумға қатысушылар өңірде шығарылатын өнімдер жайлы “Қазақстанда жасалған” атты деректі қысқаметражды фильмді тамашалады.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңірде қазақстандық үлесті қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайында баяндады. Облыс әкімі орынбасарының айтуына қарағанда, өңірде өндірілетін тауарлардың, жұмыс пен қызмет саны мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Біріншіден, мемлекеттің қолдау шаралары арқылы отандық өндірісті дамытуға арналған жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2014 жылы облыста қолдау тапқан жобалар саны – екі есе (201-ге дейін), сомасы бойынша 1,5 есе (13,2 млрд. теңгеге дейін) өсті. Екіншіден, ұлттық холдингтер, компаниялар және “Самұрық-Қазына” ӘАҚ” АҚ тарапынан өнеркәсіп кәсіпорындарын жүктеу жұмысы атқарылуда. 2015 жылы 5 қаңтарда облыстың 5 зауытына (“ПАМЖЗ”, “Киров атындағы зауыт”, “ЗИКСТО” АҚ-лары мен “ПҚЗ”, “ЖТҒИЗ” ЖШС-лері) 22 млрд. теңгенің тапсырысын орналастыруға арналған Үкіметтің шаралар жоспары қабылданды. Бұдан басқа, облыстың оннан астам кәсіпорнында ұзақмерзімді келісім жасау жұмысы жүргізілуде.

Сол сияқты, жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар жергілікті үлесті молайта түсті. Ол үшін облыстық деңгейде 10 млрд. теңгеге 90 тармақтан тұратын жеке шаралар жоспары қабылданды.

Облыста жоғары өндірісті өнімдерді жасау кезінде кооперациялауға арналған жұмыс белсенді атқарылуда. Үкімет тапсырмасы бойынша Қытай компанияларымен бірге 6 жаңа өндіріс құруға арналған мәселе қарастырылуда.

Қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге таукен орнын пайдаланушылар да белсене қатысуда. Солардың ішінде “Әулие Голд Майнинг” ЖШС жергілікті тауарларды, жұмыс пен қызметтерді барынша пайдалануда.

Өңірде бір жылдан астам тоқтап тұрған кәсіпорындар қалпына келтірілуде. 2014 жылы осындай 9 кәсіпорын іске қосылды, биыл тағы 13-ін қатарға қосу жоспарлануда. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына 23 млрд. теңгенің 26 жобасы енгізілді, олардың 13-і жыл соңына дейін іске қосылады. Ол 10,5 млрд. теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Картаны толықтыру жұмысы жалғасуда.

Мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысатын барлық мемлекеттік органдармен, компаниялармен қазақстандық үлес бойынша жұмыс жалғастырылуда. Биыл құрылыс, энергетика, ТКШ, көлік және автожолдар саласындағы 107 нысанда жұмыс жүргізу жоспарланған.

Биыл “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысымен бірге “Қазақстанда жасалған” ақпараттық және беделдік акциясы бастау алды.

“НАРМС “Nadlog” АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Гүлмира Уахитова жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы сөз қозғаса, “ҚТЖ” ҰК” АҚ-ның бірінші вице-президенті Бауыржан Орынбасаров Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындарымен 7 млрд. теңгенің тапсырысына келісім жасалғанын, оны екінші жартыжылдықта 11 млрд. теңгеге жеткізу көзделіп отырғанын тілге тиек етті.

Пленарлық отырыстан кейін “СолҚазЭнерго”, “ПАМЖЗ”, “ҚазТехМаш” машина жасау зауыты”, “Петропавл жылу желілері”, “Гедеон СТ” сияқты кәсіпорындар, Петропавл қаласының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы 10 келісім мен меморандумға қол қойылды.

Форум жұмысы “Кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары” тақырыбындағы панельдік сессиямен жалғасты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp