«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЗЫҚ НӘТИЖЕМЕН ҚАТАР ОЛҚЫЛЫҚТАР ДА БАР

“Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалында өткен тікелей эфирдегі баспасөз конференциясына облыстық Дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин қатысты. Шара барысында өңірдегі спорттың дамуы жайы айтылып, жергілікті тілшілердің сұрақтарына жауап берілді.

Өткен жылдан бері жерлес спортшылар қатысып, бақтарын сынаған біріншіліктер мен басқа да спорт жарыстарының қатары артқан. Басқарма басшысының айтуынша, солтүстікқазақстандық спортшылар алпысқа жуық ел біріншілігіне қатысып, 50 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Сонымен қатар, жаттықтырушылар мен спортшылардың біліктілігі де жылдан-жылға артып келе жатқанын атап көрсеткен сала басшысы өткен жылы жерлес спортшылардың алтауы, яғни Елена Костенко, Нұрсұлтан Жақыпов, Виктор Окишев, Вадим Галеев, Руслан Тілеубаев және Олег Земляков халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, 10-ы Қазақстан Республикасының спорт шеберінің, алпысқа жуығы спорт шеберіне үміткер нормативін орындаған.

– Қазір бізде спорттық инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Себебі, өңірімізде спорт нысандары көптеп салынғанымен, бұқараны спортқа тарту жағы мәз емес. Облыста спорт алаңдарының саны да аз. Бүгіннің өзінде 27 мың шаршы метрден астам аумақ қажет. Қаламызда Олимпиада жеңімпазы Александр Винокуров атындағы спорт сарайы салынған жағдайда аталмыш мәселе шешімін таппақ. Бұл бағытта қажетті жұмыс атқарылуда.

Спорт сарайы өңірімізде салынғалы отырған жалғыз спорт нысаны емес. Одан бөлек, үстіміздегі жылы өңірімізде алғаш рет заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталмақ. Олардың бірі – Қызылжар, ал екіншісі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда бой көтермек. Аталмыш нысандарға жұмсалатын қаржының 70 пайызы республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған 30 пайызы жергілікті бюджеттен қарастырылған, – деді Руслан Есеналин.

Баспасөз конференциясы барысында бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – солтүстікқазақстандықтарды бұқаралық спортқа тарту жолы спорттық инфрақұрылымның дамуына тікелей байланысты екендігі айтылды. Бүгінде өңірімізде 2281 спорттық нысан болса, оның 1823-і ауылды жерде орналасқан. Өткен жылы облыстың спорт картасында 14 нысан пайда болса, үстіміздегі жылы олардың қатары тағы 4 жаңа нысанмен толықты.

Сондай-ақ, облыс орталығында Александр Винокуров атындағы “KYZYLZHAR VINO 4-ever” континенттік велоклубы жұмыс істеуде. Бүгінде бәсекелі додаларда топ жаратын велошабандоздарымыз бар болғанымен, олардың басым бөлігі орынның аздығына байланысты ұлттық құрама мен “Астана” кәсіби клубында өнер көрсете алмай жүрген болатын. Атақты жерлесіміз атындағы клуб құрылғалы жергілікті велоспортшылар аталмыш клубтың құрамында турнирлерде ел намысын қорғап жүр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортпен қамту, оларға қажетті жағдай жасау мәселесі өзекті болып тұр. Соңғы кездері аталмыш мәселеге көңіл бөлініп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өткен жылы “Қарасай” стадионында “Үміт” клубы ашылды. Ендігі кезекте өз денсаулығына мән беріп, тұрақты дене тәрбиесімен айналысқысы келгендерге еш кедергі жоқ. Бір атап өтерлігі, аталмыш клубқа он екі мүшесі сау қала тұрғындары да жаттығу мүмкіндігіне ие, – деген хабарламашының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда “Үміт” клубында 100-ден аса адам жаттығады екен. Оған қоса, 3 жаттықтырушы-мүгедек клубта тұрақты жұмысқа орналастырылған. Олар спорттық нысандарда есепші және әдіскер болып еңбек етуде.

Руслан Есеналин жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Тілшілердің облыс орталығындағы “Қарасай” стадионына қатысты сұрағына ол аумағында онға жақын спорт мектебі орналасқан, қала тұрғындарының сүйікті спорт нысаны мемлекет меншігінде қала беретінін айтты. Облысымызда қай спорт түрінің даму деңгейі төмен деген екінші сауалға Руслан Есеналин: “Солтүстік өңір болғандығымызға қарамастан, қысқы спорт түрлерінің дамуы кенже қалып отыр. Осыған байланысты жақын арада өзге аймақтар мен шетелден аталмыш салаларды дамыту мақсатында білікті де тәжірибелі бапкерлерді шақыратын боламыз. Борки кентіндегі Кәсіптік-педагогикалық колледжде бапкерлер даярлайтын күндізгі бөлім ашу мәселесі де қарастырылып жатыр”, – деді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp