Өңіріміз білімді де белсенді жастарға кенде емес. Олардың арасында Петропавл қаласында оқып жүріп, ағылшын тілін жетік меңгеріп, шетелде білім алып келгендері де бар. Солардың бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Алимана Жанмұқанова.
– Былтыр Солтүстік Мичиган университетінде білім алдыңыз. Біздің және олардың білім беру жүйесінде қандай айырмашылықтар бар екен? Соған қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Ол жерде “Global UGRAD” атты студенттермен алмасудың халықаралық бағдарламасының арқасында бір академиялық семестр бойы білім алдым. Бұл жоба бойынша шетелде оқуға тек оқу үздіктері мен ағылшын тілін жақсы білетіндер ғана таңдалатындықтан, түрлі іріктеу конкурстарына қатысып, бақ сынадым. Нәтижесінде Америка Құрама Штаттарында тегін білім алуға жолдама алдым. Оқуда айырмашылықтар жетерлік. Мысалы, онда оқитын пәндеріңді өзің таңдайсың. Мәселен, мен “Америка мемлекеті”, “Американың ішкі саясаты” пәндерінен дәріс алдым. Сонымен қатар, мамандығым неміс тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан, осыған сәйкес “Германияның өркениеті мен мәдениетін” оқыдым.
Тағы бір ерекшелік – оқытушы мен студенттің арасында ашық диалогтың орнауы дер едім. Олар бір-бірімен еркін сөйлесіп, кейде белгілі бір мәселе бойынша пікір таластыра да алады. Бұл – қалыпты құбылыс. Бұл, бәлкім, ағылшын тілінде “сіз” бен “сен” сөздерінің жеке қолданбай, “Үоu” деп, яғни “сен” деген бір-ақ сөзбен айтылуынан деп ойлаймын.
Таңдаған пәндерім бойынша күніне үш сағат білім алдым. Ал қалған уақыт қосымша кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, жұмыс істеп, ортамен танысуға берілді.
– Сіздің Солтүстік Мичигандағы оқуыңыз Америка Құрама Штаттарында өткен президент сайлауымен тұспа-тұс келген екен.
– Иә. Мен, тіпті, ерікті болып, осы сайлаудың өтуіне өз үлесімді де қостым. Саяси үдерістерге қызығушылығым жоғары болғандықтан, әрі сайлаудың қалай өтетіндігін іштей бақылағым келгендіктен, осы маңызды тарихи оқиғадан тыс қала алмадым. Сайлауды ұйымдастырушылардан “Бізге ерікті керек” деген сипаттағы хат келгенде, саяси науқанның өтуіне көмектесуге ойланбастан келістім.
Жауапты шараның барысында демократиялық партияның жағында болдым. Сондықтан бізге тұрғындарды Хилари Клинтонға дауыс беруге ынталандыру міндеті жүктелді. Бұл үдеріс “Get Оut the Vote” (адамдардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ету) деп аталды. Аталған әдіс үміткердің барынша көп дауыс жинауына мүмкіндік берді. Сол себепті демократиялық партияның кеңсесінен қала тұрғындарына қоңырау шалып, олардан кімге дауыс беретінін білдік. Егер шешім әлі қабылданбаған болса, оларға үміткер жайлы айтып, соған дауыс беруге шақырдық. Тұрғындардың үйлеріне барып, олардың сайлауға қатысуларын сұраған еріктілер де көп болды. Тіпті, үміткерлер жөнінде керіжарнама да жасалынды. Қаланың кей жерлерінде үміткерлердің карикатураларын, олар жайлы түрлі “теріс” бейнероликтерді көргенде таңғалдым.
– Осындай белсенділігіңізден болар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында “Анарыс” атты дебат клубын құрыпсыз.
– Дебатқа оқушы кезімнен бері қатысып жүрмін. Бұл менің “хоббиім” десем де болады. Кейін бұл қызығушылығымды студенттік шақта да тастамай, клуб ашып, оны одан әрі дамыта түстім. Пікір таластыра алатын жастар аз емес. “Анарысты” алға сүйреп, оның түрлі жарыстарда көш бастауына клуб мүшелері белсенділікпен атсалысады. Басты жетістігіміз – Петропавл қаласында дебат қауымдастығының құрылуы дер едім. Оның аясында өңірде бірнеше рет турнирлер ұйымдастырдық. Мәселен, өткен жылы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда “Жастар жемқорлыққа қарсы” атты дебат турнирін өткіздік. Сонымен қатар, Астана, Бішкек қалаларында өткен турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көріндік. 2015 жылдың қараша айында “Орталық Азияның сертификатталған жаттықтырушысы” халықаралық атағын алдым. Бұдан кейін Польшада өткен дебат ойындары бойынша Еуропа чемпионатында төреші болып, тәжірибе жинақтап қайттым. Жүріп-тұруыма қаражатты аталған ел толықтай өздері төледі. Ал жарты жылға шетелге оқуға кеткенімде, бұл ісімді көмекшілеріме тапсырдым. Олар бұл тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, өңірдегі дебатшылар қозғалысының тоқтап қалмауын қадағалады. Бүгінде “Анарыстың” тізгіні өз қолымда.
Әңгімелескен
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.