Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының сара жолын, Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатардағы озық 30 мемлекетінің қатарына қосылу мақсатындағы Тұжырымдамасын және “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын айқындап берген стратегиялық жағынан маңызды құжат.
Бүгінгі әлемдік деңгейде қалыптасқан экономикалық дағдарыс пен саяси қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты ұйымдастырудың және дамытудың жолдарын іздестіру мәселелеріне ден қоюда. Ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, мұнай өңдеу саласындағы инновациялық бағыттармен қатар, ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнім көлемінің 3 пайызына дейін ұлғайту жоспарлануда. Осыған орай қабылданған бес институттық реформаны іске асыру бойынша “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында Елбасы: “Біз бұл жолдағы барлық қиындықты жақсы білеміз және осы сынақтардан сүрінбей өтіп, экономиканың даму қарқынын бәсеңдетпеуге тырысамыз”, – деп атап көрсетті.
Кез келген озық мемлекет өзінің саяси және экономикалық тәуелсіздігін, дамуының өркениеттілік деңгейін білім жүйесін жетілдіру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру арқылы жүзеге асыратыны сөзсіз. Өйткені, осы салалар арқылы мемлекеттің зияткерлік әлеуеті қалыптасады. Ал ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру деген сөз. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен жаңашылдықты қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнамалық құжаттар әзірленіп, айналымға енгізілуі тиіс.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Солтүстік өңірдегі іргелі білім ошағы ретінде ол жыл сайын қоғамның қажетті салаларын білікті мамандармен қамтып келеді. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарының заманауи нәтижелерін республиканың экономикалық сұраныстарына орай өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктеріне енгізуде.
Елбасы тапсырмаларын және мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді орындауды ұйымдастыру бағытында университет ректоры Оңдасын Әшімовтің басшылығымен бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, университеттің ғылыми және ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларын өңірлік түрлі құрылымдармен байланыстыру үшін білім ошағының негізінде ғылыми-технологиялық парк құрылды. Оның қызметінің негізгі бағыты жан-жақты сараланып, зерттеу жұмыстарын жүргізу тұстары қарастырылды.
Біздің өңір табиғи-географиялық жағынан алғанда экологиялық таза өнімдерге бай және оларды өндірістік қажеттіліктер мен адамзат тіршілігіне пайдалануға әбден болады. Осы мүмкіндіктерді университет ғалымдары тиімді пайдалануда. Ғылыми-инновациялық үдерістің маңызды көрсеткіші – ғылыми-зерттеу жұмыстарының қажеттілігі және тәжірибелік қолданбалығы, қазіргі тілмен айтқанда, коммерциялизациялануы. Осыған орай ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелерін өндірісте қолдану және пайдалану мақсатында университет тарапынан арнайы шаралар жасалып, коммерциялизациялау орталығы құрылды.
Мәселен, алысқа бармай-ақ айналамызды қоршаған ақ қайыңды ормандардың қажеттілігіне тоқталғымыз келіп отыр. Табиғаттың дайын күйіндегі өнімін жан-жақты зерттеу арқылы университет ғалымдары М.Ю. Лежнева, А.Н. Дюрягина адам өміріне қажетті косметологиялық заттар мен қатерлі онкологиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмек шығару ісін химиялық зертханалық жолмен жүргізуді қолға алып, оңтайлы нәтижелер беруде. Ақ қайың қабықтарының қалдықтарынан биологиялық белсенді қоспаларды қолдану және пайдалану арқылы бетулиннің жаңадан алынған өнімдерін медицинаға енгізуге байланысты бұл ғылыми-зерттеу нәтижесінің әлемдік деңгейде жоғары дәрежеге ие екендігін атап кеткен жөн. Өйткені, мұндай тәжірибелер тек ақ қайыңдар өлкесі болып табылатын Ресейдің өзінде енді ғана қолға алынуда.
Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан өңірінің экономикасы ауыл шаруашылығына негізделгендіктен, бұл бағытта да қомақты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, “Тұқымды егілуге дейін белсенді сумен өңдеу” ғылыми жобасы бойынша (жетекшілері Н. Белецкая мен С.Сартин) Аққайың ауданына қарасты “Астраханское”, Қызылжар ауданының “Березка-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде бидай тұқымын белсенді сумен өңдеу арқылы арнайы тәжірибе жасалып, егілуге дейінгі өңделген тұқым өнімінің шығуына әлдеқайда әсері зор екендігі анықталды. Далалық және зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша белсенді судың өнімнің өсіміне ықпал ететіндігін университет ғалымдары дәлелдеп берді.
Ал “5 мың тонна сыйымдылығы бар автономды энергия көзін және көлденең сүрлемге арналған тәжірибелі нұсқадағы дәнсақтағыштағы дәнді дақылдарды сақтау және сұрыптау технологияларын құрастыру” ғылыми жобасы (жетекшісі Қ. Көшеков) “Диқаншы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тәжірибеден өтуде.
Бүгінгі жағдайдағы ғаламдық мәселеге айналған шаралардың бірі – энергетиканың қарқынды дамуы. Бұл мәселе Астанада өтетін “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің де тақырыбына арналып отыр. Дүниежүзілік ғалымдар мен өзге салалардың өкілдері бас қосатын бұл шараның мақсаты – болашақ энергиясының көзін тауып, жасыл экономиканы қалыптастыру. Бұл шарадан университет ғалымдары да тыс қалған жоқ. Мәселен, “Энергияны үнемдеуші қатты жанар-жағармайлық қазан және қазандық” (жетекшілері Н.Белецкая, А.Топченко) ғылыми жобасының нәтижелері “Болашақ энергиясы” көрмесіне ұсынылып, ол республикалық онлайн “ЭКСПО – 2017” конкурсының қорытындысы бойынша іріктеліп, мықты деген ТОП-50 жобаларының қатарына енді.
Дегенмен, ғылым сапасын жетілдіру мақсатында әлі де болса сүбелі істердің атқарылуы қажет. Бұл жерде ерекше мән беріп отырғанымыз – аймақтану мәселесі. Солтүстік Қазақстан жері еліміздің өзіндік ерекшелігі бар терең тарихы мен бай мәдени құндылықтары қалыптасқан аймақ ретінде тарихи тұрғыдан терең зерделеуді қажет етеді. Бұл бағытта университетте құрылған “Қазақстан тарихын зерттеу” (жетекшісі А.Ибраева), “Этномәдени зерттеулер” (жетекшісі З. Тайшыбай) және “Археология” (жетекшісі А. Плешаков) ғылыми орталықтары айтарлықтай үлес қосуда. Отан тарихының өзекті мәселелері мен аймақтың көне мұрасын жұртшылыққа танымал ету мақсатында университет ғалымдары аянбай қызмет етуде. Атап айтсақ, биылғы жылы белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай ұзақ жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде “Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері” атты монографиялық еңбектің жарық көруіне ұйытқы болды. Өмірінің негізгі бөлігін өлкенің көне құндылықтарын зерттеуге арнаған белгілі археолог ғалым А. Плешаковтің жетекшілігімен жасалған Отан тарихындағы өте маңызды туындылардың бірі – “Заман таспасы” жобасы жұртшылыққа танымал.
Сонымен қатар, өлкенің тарихын жан-жақты, терең зерделеу мақсатында Қазақстан тарихын зерттеу ғылыми орталығы облыстың қалыптасу және даму, Петропавл қаласының құрылу тарихын, өңірдің танымал тұлғалары мен тарихи оқиғаларды танып білуге негіз болатын тақырыптарды зерттеуді қолға алды. 2016 жылы облыстың құрылғанына 80 жыл толады. Осыған орай “Солтүстік Қазақстан облысының қалыптасу және даму тарихы (1936-1990 жж.)” және “Петропавл қаласының тарихы (ХVІІІ ғ. 2 жартысы – ХХ ғ. басы)” атты магистрлік диссертациялар дайындалып, арнайы ғылыми еңбек етіп шығару жұмыстары жоспарлануда. Бұл еңбектер хронологиялық жағынан әрі қарай өзінің жалғасын таппақ. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының аясында өлкені саяси, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, картографиялық тұрғыдан зерделеу мақсатында ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесі көтерілген болатын. Біз жергілікті ғалымдар аталмыш игі бастама өз мәресіне жетеді деген сенімдеміз.
Университет ғалымдарының ғылыми еңбектері ISI Web of Knowledge (компания Thomson Reuters), Science Direct, SCOPUS және тағы басқа әлемдік басылымдарда жарияланып, ғаламдық жұртшылыққа танылуда. Дегенмен, өңірдің орталықтан шалғайлығы, біртіндеп мамандардың, ғалымдардың азаюы, жоғары оқу орындарына енгізілген жаңа жүйенің ғылыми кадрларды даярлауға деген мүмкіндіктерінің тапшылығы кедергілер келтіруде.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғалымдар ғылыми қызметкерлер және оқытушылар деп бөлінбейді. Екеуі де ғылыммен де, оқытушылықпен де айналысады. Жоғары оқу орнындағы жаңалықтардың бірі – жекелеген ғалымдарды және шағын ұжымдық топтарды гранттық қаржыландыру жүйесі. Бүгінгі таңда ғылым және білім саласында кірігудің инновациялық түрлерін енгізу ғылыми-зерттеудің нәтижелі болуына ықпал етеді. Қазақстандағы ғылым және білім беру саласы кірігуінің басты мақсаты еліміздің ұлттық инновациялық жүйесі мен экономикасын білікті мамандармен қамтамасыз ету болмақ.
Ол үшін, біріншіден, қазіргі білім және технология жетістіктерін жете меңгерген оқу үдерісінде ғылыми-зерттеулерге қатысқан тәжірибесі бар және ғылыми-техникалық мамандарды даярлау және білім сапасын жетілдіру қажет. Екіншіден, мемлекеттік бюджеттік қаржыны, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің кадр әлеуетін, ақпараттық және материалдық-техникалық ресурстарын іргелі және қолданбалы зерттеулерге, маман даярлауға жұмылдыру керек. Үшіншіден, экономиканың кәсіпкерлік саласымен белсенді байланыс орнату арқылы ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін коммерциялизациялау және экономикаға ендіру қажет.
Ғылымның дамуы – мемлекеттің өсіп-өркендеуі деген ұлағатты қағиданы үнемі жадымыздан шығармасақ, озық отыз мемлекеттің қатарына ену жөніндегі мақсатымыздың орындалуына еш күмән болмайды.
Ақмарал ИБРАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстан тарихын зерттеу ғылыми орталығының жетекшісі.