«Оралыңның барында ойна да күл» дейді қазақтың қара өлеңінде. Жауқазындай бүршік атқан жастық шақта өмірдің қызық-қуанышына кенеліп, көңіл сергіткен жақсы-ақ. Алайда қазіргі жастардың ойыны отқа, қызығы қайғыға бастап тұрған жоқ па? Уақытын көңілді өткізу үшін болашағына балта шауып, ертеңіне кесірін тигізіп жатқандар қаншама? Қас қарая қыз-жігіттердің көше кезіп, түнгі клуб жағалап кететіні қоғамды алаңдатып отыр.
Күндіз адам аяғы баспайтын түнгі клубтардың жұмысы түнге жақын қызады. Жиналған жұрт таңға дейін тарқамай, көңіл көтеріп, би билейді. Сауық кеші болған соң ішімдіктің де небір түрі ұсынылады. Мұндай жерлерге демалыс, мереке күндері баратындар тіпті көп. Түнгі клубтардан бөлек, қалада өзге де көңіл көтеру орындары бар, ком-пьютер клубтар да жетерлік. Адам көп баратын шулы орын болған соң төбелес, ұрлық-қарлықтың ықтималдығы жоғары. Түнін би билеп өткізгісі келетін жастардың есірткінің құрбанына айналуы да ғажап емес. Ал егер мұндай орынға жасөспірімдер бара қалса, не болатынын ойлай беріңіз.
Түнгі клубтар мен көңіл көтеру орындарындағы жағдай тәртіп сақшыларын да алаңдатып отыр. Сондықтан да полиция қызметкерлері тұрақты түрде түнгі рейдтер өткізіп тұрады. Мысалы былтыр полицейлер үш күн ішінде 8 қорқор тәркілеп, 30 хаттама толтырған. Көңіл көтеру орнына келгендер темекі өнімдерін қоғамдық орындарда пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған. «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасының аясында түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 73 жасөспірім анықталса, оның 11-і масаң күйде болған. Ал ақпан айында түнгі клубтардың бірінде бильярд ойнап жүрген жеткіншектерге қатысты шара қабылданған.
«Ювеналдық полиция қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмысының мақсаты – өскелең ұрпақты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардан қорғау, оларға жеткіншектер тарапынан жасалуы мүмкін заң бұзушылықтарды ескерту. Бұл Президентіміздің халыққа арнаған соңғы Жолдауында айтылған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберіндегі жұмыстың маңызды бағыты саналады. Заңда кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндетіне салғырт қараған ата-аналарға жауапкершілік қарастырылған», – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Александр Розбах.
Түнгі клубтарда тек темекі, ішімдік қана емес, есірткі пайдалану, сату дерек тері де тіркелген. Мәселен, ақпан айында мамандар клубтар мен жалдамалы пәтерлерді тексеріп, 12 қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кескен. Осылайша заңсыз айналымнан бір жарым килограмм есірткі тәркіленген.
Қоғам жастарды азғындықтың аранынан қалай арашалап қаламыз деп жүргенде өткен жылы облыс орталығында тағы бір түнгі клуб ашылды. «Көңіл» көтеру орны жастар арасында танымалдылыққа ие болып, келушілер қатары молая түскен. Алайда көп өтпей онда оқыс жағдайлар орын ала бастаған. Бірде клубқа келуші «қонақ» пен күзетші арасында келіспеушілік туындайды. Кейін қасына бірнеше адамды ертіп алып келіп, күзетшіні оңаша жерде соққының астына алады. Салдарынан клуб қызметкері есінен танып қалған. Осы оқиғадан кейін көп өтпей клуб есігіне қара құлып салынды. Тексеріс кезінде ғимарат иесінің Түркияда жүргені анықталған. Оның меншігіндегі жылжымайтын мүлікті жалға алғандар клуб ашқан. Тексеріс жүргізген облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының мамандары көптеген заң бұзушылықты анықтапты. Ғимаратты жалға алғандар өз беттерінше нысан жоспарына өзгеріс енгізіп, келушілердің өміріне қауіп төндірген. Көп өтпей мұнда елді елең еткізер тағы бір оқиға болып, жасөспірімдерге арналған би кешінің аяғы төбелеске ұласты. Онда 17 жастағы жасөспірім екі адамды пышақтаған. Кейін оған іздеу жарияланып, іле-шала қолға түсті.
Түнгі клубтарда болатын төбелестің бәрі сотқа дейін жете бермейді екен. Тараптар өзара келісіп, ымыраласса, іс қозғалмайды. Алайда қаладағы барлардың бірінде соққы астында қалған жәбірленуші істі аяғына дейін жеткізуді шешкен.
– Былтыр досыммен клубтардың біріне бардық. Бірде оның әлдекіммен бетпе-бет келіп, әңгімелесіп тұрғанын көрдім. Мен сотталушының қасына барып арақашықтықты сақтауын сұрадым. Ол тыңдамаған соң итеріп жібердім. Сол сәтте-ақ әлгі адам жұдырық сілтеп, мені еденге құлатты. Тұрайын десем, бойымда әл жоқ. Кімдердің ұрып жатқанын қарауға да мұршам болмады, – деген жәбірленуші өзінің ауыр бас жарақатын алғанын жеткізді.
Сотта белгілі болғандай келушілерді соққыға жыққандардың бірі клуб күзетшісі болып шыққан. Ол жәбірленушілермен болмашы нәрсе үшін ерегісіп, кейін оларды ұрып-соғып, ғимараттан шығарып жіберген.
Көріп тұрғанымыздай, түнгі клубтар қылмыс пен заң бұзушылықтар жиі жасалатын орын саналады. Мұндай жерге жастардың, әсіресе, жасөспірімдердің баруы олардың денсаулығына, ертеңіне қауіп төндіреді. Қызық көреміз деп қиын жағдайда қалып, артынан өкініп қалып жатқандар бар. Қоғам өкілдері мұның бәрі тәрбиенің ақсап тұрғанынан екенін айтады. Енді бір тарап түнгі клубтардың жұмысына шектеу енгізіп, талапты күшейтіп, заңды қатаңдату керек дейді. Бұл ретте бизнестің де айтар өз уәжі бар. Осындай орындарда күзетші, даяшы болып жұмыс істеп, нан тауып жүрген жастар да жетерлік. Жастарға бос уақытты тиімді өткізіп, дұрыс демалудың жолын білген де бір бақыт қой.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».