“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары мен көші-қон, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері бүгінгі күннің өзекті мәселесі – уақытша тіркеу жайын талқылады.
Жиында сөз алған облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бөлім бастығы Ермек Нұсырбаев “Тұрғылықты жері бойынша тіркеу” және “уақытша тіркеу” ұғымдарының аражігін ажыратып, жаңадан енгізілген онлайн тіркеу жайлы айтты.
– Тұрғылықты жері бойынша тіркеу – азаматтың негізгі тұратын жеріндегі тұрақты тіркеуі. Уақытша тіркеуді онымен шатастыруға болмайды. Өйткені, ол – азаматтың уақытша қоныстанған жердегі тіркеуі, адамдар оны белгілі бір мерзімге ғана жасайды. Яғни, уақытша тіркелу үшін тұрақты тіркеуден шығу қажет емес. Мәселен, Петропавлға 4 жылға білім алуға келген студенттер жатақханаға сонша мерзімге уақытша тіркеледі, – деді ол.
Осыған дейін уақытша тіркеу үдерістері тек халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылса, енді азаматтар онлайн режімде де тіркеле алады. Бүгіндері бұл қызмет “Тайга”, “Рахмет”, “Корона”, Мұқанов көшесіндегі “Семейный” сауда үйлерінде және жергілікті университет пен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде көрсетіледі. Онда отырған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тұрғындарды “еgov.kz” “Электронды үкіметінің” порталы арқылы тіркейді. Бүгінде 88 адам онлайн режімде уақытша тіркеліпті.
Тұрғындардың жаппай тіркелуіне байланысты қазір ХҚКО қызметкерлерінің жұмыс уақыттары ұзарған. Олар азаматтарды аптаның алғашқы алты күнінде таңғы сағат 8-ден 20 сағатқа дейін қабылдайды. Ал жексенбі күндері қабылдау таңғы 8-ден 15 сағатқа дейін жүргізіледі.
Жиын барысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев уақытша тіркеу үдерістері кезінде ешбір келеңсіздіктер орын алмағанын жеткізді. ХҚКО-да тәртіп сақшылары мен медбикелер кезекшілік атқаруда.
Сонымен қатар, “egov.kz” немесе ХҚКО арқылы уақытша тіркелу жөніндегі барлық сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығының “1414” нөміріне қоңырау шалуға болады.
Өңір бойынша 7 қаңтардан бері 14 мыңнан астам адам уақытша тіркеуге тұрыпты. Олардың 10 мыңға жуығы облыс орталығында тіркелген.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.