Бүгінгі таңда әлемде түрлі құрылыс материалдары пайда болғанымен, ағашқа және одан өндірілетін тауарларға деген сұраныс еш кеміген жоқ. Керісінше, экологиялық таза материалды таңдайтындардың саны күн сайын артып келеді. Сондықтан да ормандарды сақтау және көбейту облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандарының басты міндеті болып табылады.
Бүгінгі таңда өңіріміздегі мемлекеттік орман қорының ауданы 689 мың гектарды құрайды. Оның 67 мың гектарына көшеттер отырғызылған. Ал сүрек қоры 49602,5 мың текше метрді құрайды. 2004-2018 жылдар аралығында өңірде сүрек дайындау үшін орман ресурстарын ұзақмерзімді пайдалануға беру бойынша 11 тендер жарияланды. Өткен жылы орман пайдаланушылармен арада жасалған келісімшарттардың тоғызы уақыты өтуіне байланысты, ал біреуі міндеттемелер орындалмағандықтан сот тәртібімен бұзылды. Бүгінгі таңда облыста сүрек дайындайтын 25 ұзақмерзімді орман пайдаланушы бар. Бұдан бөлек, орман қоры аң шаруашылығы, ғылыми-зерттеу қажеттіліктері үшін және спорттық-сауықтыру, рекреациялық, туристік мақсаттарда да қолданылуда.
Инспекция мамандары жыл басынан бері 26 ұзақмерзімді орман пайдаланушыны тексерді. Нәтижесінде ормандарда өрт қауіпсіздігі ережесін бұзып, келісімшарт міндеттемелерін орындамаған үш кәсіпкерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Орман заңнамасын бұзу бойынша жіберілген қателіктерді түзету жөнінде төрт ұйғарым жазылды. Былтыр 6 орман пайдаланушы осындай заң бұзушылыққа жол берген болатын.
Биыл 846,3 мың текше метр сүрек кесу жоспарланған. Қазіргі уақытта 557,9 мың текше метр сүрек бөлінді. Ормандарды сақтау және көбейту басым бағыттарымыздың бірі болып қала береді. Өткен жылы ормандарды қалпына келтіру шаралары аясында 743 гектар жерге көшет отырғызылды. Сондай-ақ, 680 гектар аумақта ағаштардың табиғи өсуіне жағдай жасалды. Үстіміздегі жылдың көктемінде 414 гектар жерге көшет отырғызылса, күзде дәл осынша аумақты қамту көзделген.
Иван КОХ,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының
бөлім басшысы.