Бүгінгі таңда облыс аудандарында ашылған кәсіпкерлікті қолдау орталықтары тиімді жұмыс істеуде.
Уәлиханов аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалына көмекке жүгінген “Досжан” фермерлік шаруашылығының басшысы Сәдібек Қамаев та бірнеше мәрте орталықтан қолдау көрген кәсіпкерлер қатарында. Ол алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы орталық мамандарынан кеңес алуға келген болатын. Мамандар кәсіпкерге “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ компаниясы қаржыландыратын “Сыбаға” бағдарламасының шарттарын түсіндіріп, ақпараттық кеңес берді. Бірақ бұл бағдарламаға қатысуда қажетті құжаттар мен өтініш беруде шаруа қожалығының басшысы бірқатар мәселелерге тап болғанын ерекше айтып өтуге болады.
– Техникалық түгендеу бюросында техникалық төлқұжат рәсімдеуде алғашқы кедергі болды. Кейін кепілдік мүлік бойынша әділет органдарында да қиындық туды. Жерді бір түрден екінші түрге алмастыру бойынша қосымша келісім жасауда және “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-да тіркеу келісімшартын рәсімдеуде қиындық болды. Бірақ туындаған барлық қиындықтардың шешімі табылып, кәсіпкер Сәдібек Қамаев 9 миллион теңгеден астам несиеге қол жеткізді. Бұл қаржыға ол 54 бас асылтұқымды бұқа мен сиыр сатып алды, – дейді аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Батырхан Ахметов.
Таяуда фермерлік шаруашылық басшысы тағы да кәсіпкерлікті қолдау орталығынан көмек сұрады. Бұл ретте ол сатып алған қара мал басын көбейтуде демеуқаржының тоқтатылғанына қатысты мәселе көтерді. “Аграрлық несие корпорациясымен” 2015 жылдың қыркүйек айында келісімшарт жасалғанымен, белгілі бір себептерге байланысты мәселе аяқсыз қалған. Осы ретте аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Батырхан Ахметов мәселенің себебін анықтау мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысымен сөйлесіп, анық-қанығына көз жеткізді.
Қазіргі таңда күрмеуі қиын мәселе өз шешімін тауып, кәсіпкер демеуқаржының түсуін күтуде. Ал аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының осындай тиімді жұмысының арқасында ауылшаруашылық құрылымдары мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғаны біздерді қуантады.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.