Елімізде орын алған пандемия жағдайына байланысты өзімнің және жақындарымның денсаулығына алаңдап, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін екпе алу қажет екенін ұйғардым. Жұбайым екеуміз вакцинаның алғашқы компонентін мамыр айында, екіншісін маусым айында алдық. Екпеден соң денсаулығымда ешқандай асқынулар орын алған жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. Жалпы кез келген жұқпалы аурудан сақтанудың ең тиімді жолы – екпе алу. Мамандар коронавирус инфекциясына қарсы күресте вакцинаның пайдасы зор екенін айтуда. Біз екпе инфекциядан емес, аурудың ауыр ағымынан қорғайтынын түсінуіміз керек. Сондықтан әр адам вакциналау шарасына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Жас ұлғайған сайын адам денсаулықтың қадірін түсіне бастайды екен. Жұбайым екеуміз тұмауға қарсы да екпе алдық. Енді коронавирусқа қарсы ревакцинациялау шарасына қатысып, вакцинаның үшінші компонентін алуды жоспарлап отырмыз. Екпе қойдыруға қарсы көрсеткіштері болмаса, әрбір саналы адам вакциналау науқанына белсенді қатысуы қажет деп ойлаймын. Барша жұртты тығырыққа тіреген қауіпті аурудың таралуына өзіміз ғана тосқауыл бола аламыз.
Бәтима ИТІШЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.