«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНШЫЛДЫҚТЫҢ НЕГІЗІ МЕКТЕПТЕ ҚАЛАНАДЫ

“Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел” тақырыбымен өткізілген патриоттар форумы барша қазақстандықтарды халқымыздың бірлігі мен келісімінің бірегей дәстүріне, туған жер мен елге деген ерекше құрметке үндеді. Еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп, өздерінің отаншылдығымен көзге түсіп, қаншама адамдарды оттан, судан құтқарып, көзсіз ерлік жасап жүрген бейбіт елдің батырлары бар екендігіне көзіміз жетті. Дегенмен, соңғы кезде жиі айтылып жүрген “қазақстандық патриотизм” ұғымының байыбына терең бойлай алып жүрміз бе? Патриот деген кім? Патриоттық сезімді әр оқушының, жастың, азаматтың бойында қалай қалыптастыруға болады? Бүгінгі қоғам алдында тұрған басты мәселе, міне, осы болмақ.

“Отан отбасынан басталады” дегендей, өсіп келе жатқан өрендеріміздің бойында сәби шағынан бастап ата-анаға, туғандарына деген сүйіспеншілікті сіңіруіміз керек. Дұрыс тәрбие алып, ата-анасын қастерлеп өскен бала оларға опасыздық жасамайды. Бала патриоттықтың алғашқы сатысына аяқ басқаннан-ақ имандылық, отбасылық, рухани құндылықтардан нәр алса, туған елге, қоршаған ортаға, спортқа, тағы басқаға сүйіспеншілікпен қарайды және қиянат жасамайды. Осы бағытта өскелең ұрпақ тәрбиесін отбасы, қоғам және мемлекет мүдделері деп бөле-жармай, бүлдіршіндерді ата-анаға, ұстаздар мен жасы үлкендерге, тағы басқаларға құрметпен, сыйластық сезіммен қарауға тәрбиелеп, балаларды ұйымшылдыққа, ынтымақтастыққа баулысақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімділік пен жанашырлық танытып, өзгенің қайғы-мұңына ортақтаса білуге үйретсек, біз жасөспірімдердің бойында патриоттықтың берік іргетасын қалар едік.  

Патриоттықтың нағыз үлгісі ретінде өзінің туған Отаны үшін, оны қорғау жолында қаны мен терін төгуден, жанын беруден аянбаған кешегі Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаевтан бастап, Екінші дүниежүзілік соғыста жанын шүберекке түйген Ысқақ Ыбыраев, Жәлел Қизатов, Әбу Досмұхамбетов сынды өзіміздің әкелеріміз бен аталарымызды неге айтпасқа?!

Кез келген оқушыдан “Патриот қандай болуы керек?” – деп сұрасақ, бірден жауап бере алмауы мүмкін. Меніңше, патриот өз ұлтының, халқының тарихына қанық болуы, оны зерттеп, насихаттап, мақтаныш ете білуі, ең бірінші, өз ана тілін – мемлекеттік тілді жетік меңгеруі, содан кейін ағылшын, орыс, қажетінше басқа да тілдерді үйренуі керектігін оқушы санасына сіңіруіміз қажет.

Еліміздің заңын құрметтеу, одан қия баспау, өзгенің ала жібін аттамау, сапалы білім алып, сол ілімін елінің пайдасына жұмсау, өз дініне, ата-баба салтына берік болып, саламатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану да патриоттың бойынан табылуға тиіс қасиеттер деп ойлаймын.

Бұл қағидаларды айтып қана қоймай, түрлі шаралар арқылы өмірде іске асыру да маңызды. Тек оны көпконфессиялы қазақстандықтардың этносына, тілдік, ділдік ерекшеліктеріне қарамай, баршасына ортақ біртұтас жалпыұлттық көзқарас қалыптастыруға жұмылдыру қажет. Сонда ғана “Мәңгілік Ел” идеясын әр оқушының бойында қалыптастыра аламыз. Ол жөнінде “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 89-шы қадамында мектептерге осы бағдарламаны енгізу тапсырылды.

Әрбір қазақстандықтың өз отбасын, туған жерін, Отанын шынайы ниетімен қадірлеп, оның қуанышына сүйініп, кемшілігіне күйінетін болса, жер бетіндегі басқа халықтардың да бізге деген құрметі, көзқарасы өзгереді. Нағыз елжандылық осыдан басталады.

Ұлболсын ЖАХИЕНА,

Дәуқара орта мектебі директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp