«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНШЫЛДЫҚ – ОТБАСЫНАН

Николаевка ауылындағы Асқар Игібаев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинар өтті. Ол “Бастауыш сынып оқушыларының сабақта және сабақтан тыс уақытта танымдық белсенділіктерін жандандыру – білім сапасын арттырудың жолы” тақырыбына арналды.

Семинарға жиналған ұстаздар ашық сабақтар, сыныптан тыс іс-шаралар, “Менің Отаным – Қазақстан” тақырыбына арналған ашық тәрбие сағатына қатысып, тәжірибе алмасты.  

Тәрбие сағатында жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, байқуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру көзделді. Сондай-ақ, оқушыларды Отанын, туған жерін қорғай білуге, халқымыздың талантты ақындарының өлеңдері мен ата-бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздерін бойларына сіңіру арқылы ұлтжандылыққа, атамекенін көздің қарашығындай сақтай білуге, патриоттық сезімге тәрбиелеу жолдары қарастырылды. Оқушылардың ойларын жүйелі түрде жеткізе білуіне, шығармашылықпен жұмыс істеп, мәнерлеп өлең оқуына, оның мағынасын түсіне білу дағдыларын дамытуға назар аударылды.

Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата-бабаларымыз сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой-санасын игі адамгершілікке жетелеген. Кең-байтақ атажұртта ар-ұят, әдет-ғұрып, мейірім-шапағат салтанат құрып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мұның өзі отбасынан Отан тұтастығына дейін тамырын үзбеген дәстүрге айналуда. Осыны ескере отырып, сыныптан тыс өткізілген тәрбие сағатында мектебіміздің өнерпаздары оқушылардың отаншылдық рухын асқақтатып, елжандылыққа тәрбиелейтін патриоттық әндер шырқап, ұлттық нақыштағы мың бұралған билерімен тәнті етті.

Аудандық білім бөлімінің өкілі бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділіктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға оң бағасын берді.

Гүлвира БИМАҚАНОВА,

Асқар Игібаев атындағы орта мектептің

музыка пәнінің мұғалімі.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp