Жақында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатары 55 солтүстікқазақстандықпен толығады. Жерлестеріміз Жамбыл облысындағы №30212 әскери бөлімшесіне азаматтық парызын өтеуге аттанды. Петропавл қалалық Мәдениет үйінде әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Шараға жастардың туған-туыстары, департаменттің қызметкерлері және Қарулы Күштер ардагерлері қатысты.
Жиында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Еркінбек Байболов әскерге шақырылған азаматтарға Отан алдындағы міндетті мүлтіксіз орындауды тапсырды. Сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын тілге тиек еткен ол күзгі әскерге шақыру науқанында Қарулы Күштер қатарына өңірімізден 600-ден астам жастың аттанатынын айтты. Олардың 300-ге жуығы – Ұлттық ұланда, 100-ден астамы – шекара мен мемлекетті қорғау қызметтерінде, ал қалғандары өзге әскери бөлімдерде азаматтық парызын өтейтін болады.
Шара барысында ардагерлер әскерге аттанатын бозбалаларға ақ тілектерін арнап, олардың ата-аналарына, қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.