«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТШАШУ ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өткізген кезекті брифингке облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау мен алдын алу қызметі басқармасының бастығы Денис Шуваев шақырылды.

Жаңажылдық мереке кезінде орын алатын төтенше оқиғалар аталмыш ведомстволық мекеме басшысының БАҚ арқылы жұртты өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақыруға мәжбүрлейді. Инспекторлар желтоқсан айы бойы өрт қауіпсіздігін айтып, үй-үйді, адамдардың көп шоғырланатын жерлерін аралап, ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізеді. Жаңа жыл мерекесі алдында жұмыс, тіпті, ширай түседі. Статистикалық деректерге сүйенсек, әдетте күн сайын 2-3 өрт оқиғасы тіркелсе, жаңажылдық мереке күндері төтенше жайттар 6-7-ге дейін көбейеді екен.

Өртсөндірушілердің жұмысын көбейтетін бір салдар – пиротехникалық заттар. Қолданыс кезінде түрлі қиындықтар тудыратын бұл заттардың сатылуы мейлінше қадағаланады. Нарыққа шығарылған пиротехникалардың сапасына көз жеткізетін құжаттардың болуын талап ету, олардың кез келген жерде сатылуына тыйым салу арқылы көптеген төтенше оқиғаның алды алынады. “Оларды қолданған кезде де абай болу керек. Мұндай заттарды тауарға арнайы сертификаты бар сауда нүктелерінен сатып алған жөн. Бүгінде өртсөндірушілер тәртіп сақшыларымен бірге рейд жүргізіп, базар мен супермаркеттердің маңын аралап, заңсыз әрекеттердің жолын кесуде. Шара 5 қаңтарға дейін жалғасады”, – дейді Денис Валентинович.

Басқарма бастығының айтуынша, 2013 жылы облыс орталығында далаға атылған пиротехниканың жарықшағы көршінің балконына түсіп, пәтері отқа оранған. Жарылғыштардан дене жарақаттарын алатын жайттар да жетерлік.

Инспекторлар бүгінде бұқаралық шаралар өтетін орындарды алдын ала тексеріп, шыршалардың орнатылуы мен оған ілінген шамдардың жарамдылығын тексеріп, өрт оқиғасының алдын алуда. Жаңа жылды қарсы алатын түні облыс аумағында 710 өртсөндіруші кезекшілік атқарады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp