«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫ БЕЛСЕНДІЛІГІ МАҢЫЗДЫ

Оқыту сапасын көтеру – өркениетті заманның өзекті мәселесі. Білім сапасын арттыру мақсатында біздің мектеп 2016 жылдан бастап қазақстандық ғалым Ф.Вассерманның “Биоақпараттандыру және синергетика” білім беру технологиясын қабылдады. Ғалым ұсынған түрлі технологиялық карталар арқылы оқушылардың тақырыпты қабылдауы, есте сақтау қабілеті артады, ойлау, сөйлеу дағдысы қалыптасады, танымдық көзқарасы жетіледі.

Мен өз тәжірибемде биоақпараттық және синергетика технологиясының “Алгоритм” картасын қолданып жүрмін. Бұл технология бастауыш сынып оқушыларына тиімді. Әр сабақты сергіту жаттығуларымен бастаймын. Жаңа сабақты оқу әрекетінің жалпыланған әдісі арқылы түсіндіріп, деңгейлік тапсырмалар жүктеймін. Тапсырманы орындау уақыты шектеулі. Сыныптағы бес оқушы тапсырманы орындап болғаннан кейін, қалғандарына қосымша 30 секунд уақыт беремін. Бұл оқушыны шапшаңдыққа үйретеді. Есте сақтау қабілеттерін де осылайша дамытуға болады. Мәселен, тақтаға 20 сөз жазып, белгіленген уақытта оқушы осы сөздерді оқып, есінде сақтап, жазып шығуы керек.

Ғалымның жүргізген зерттеулері бойынша оқыту сапасының нормативтік көрсеткіші 63 пайыздан кем болмауы керек. Мәселен, менің сыныбымда он екі оқушы бар. Олардың білім деңгейінің сапалық көрсеткіші 63 пайызға жету үшін сегіз оқушы берген тапсырманы 5-ке орындауы керек. Бұл технология арқылы балалар нақты нәтижеге бағытталады, сапа көрсеткішіне ұмтылады. Оқыту формасы белсенді жүргізіледі. Топтық, жекелей, даралап оқытуды қамтамасыз етеді. Деңгейлеп оқыту жүзеге асырылады.

Сабақта оқушыларымды өз бетінше ізденіспен ең құнды, пайдалы материалды табуға талпындырамын. Қажетті мәліметтерді қайдан алуға болатынын және қалай оқып, үйренетініне бағыт беріп, пікірталасты, білім алуды ұйымдастырамын. Оқушыны уақытты үнемді пайдаланып, өз ойын тұжырымдап айтуға дағдыландыру баланың шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашады. Жаңа технологиясының негізгі шарттарының бірі – сабаққа барлық оқушыларды қатыстырып, белсенділігін арттыру және бағалау болса, біз осы талаптан шығып жүрміз.

Айнаш ЖАХИЕНА,

Дәуқара орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

Айыртау ауданы.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp