Жақында Қостанай гарнизонының әскери соты биылғы жылдың мамыр айында 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бұрынғы бастығы Д. Ғабдулинге параның 60 еселік сомасы, яғни 11 млн. 148 мың теңге мөлшерінде айыппұл салып, жеке мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Енді ол өмір бойы мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және Қарулы Күштерде ұйымдық-өкімдік қызметіне байланысты мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқару құқығынан айрылды. Лауазымды тұлғаның жемқорлық әрекетінен кейін облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өңіріміздегі қорғаныс бөлімдерінің басшылары және мамандарымен кездесу өткізді.
Департамент мамандары кездесуге келгендерге 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның маңыздылығын, заңнамаға енгізілген өзгерістер және кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша “100 нақты қадам” бағдарламасындағы міндеттерді түсіндірді.
Жемқорлық әрекеттерімен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған жергілікті лауазымды тұлғалар және оларға тағайындалған жаза жөнінде бірқатар мысалдар да келтірілді.
Кездесу барысында бейнероликтер көрсетіліп, қызметті асыра пайдалану мен жемқорлыққа жол берудің зиян-зардабы да сөз болды. Бұрынғы басшыларының қылмысына әскери қызметшілер тарапынан сын айтылды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Т.Бидайбеков: “Ол әскери мансабына нүкте қойып, тұрғындардың мемлекеттік орган қызметкерлеріне деген сенімін кемітті, елдің қорғаны – әскери қызметке және департамент беделіне нұқсан келтірді”, – деді.
(Өз тілшіміз).