Тамылжыған тамыздың екінші жартысы болатын. Жалдап тұратын пәтерімізде абыр-сабыр: біреулер үйден артық заттарды орамға шығарып, екіншілері үстел, орындық, төсеніш кіргізіп әлек. Даладағы қазанда бүлкілдеп ет қайнап жатыр. Сәнді киінген жора-жолдастарым да бірінен кейін бірі келе бастады. Бұл – Мәриям екеуміздің үйлену тойымызға дайындық болатын.
Екеуміз де әке-шешеден ерте айырылғанбыз, қолдаушыларымыз да аз. Сондықтан тойдың ауыртпалығын достарымыз бірге көтерді. Әсіресе, жан жолдасым Төлеген мен Мәриямның бөлесі, менің балдызым Дәметкен негізгі жұмысты өз мойындарына алды. Төлегеннің Петропавл пединститутының екі курсын бітіріп, денсаулығына байланысты академиялық демалысқа шыққанына да 3-4 жыл болып қалған. Ол қойын сойып, қымызын әкелді. Дәметкен болса биыл пединститутты тамамдап, бұрынғы өзі оқыған мектеп-интернатқа тәрбиеші болып орналасқан. Ол дастарқанға керек ас-суды тегіс өзі дайындады.
Үйдің неден салынғаны белгісіз, әйтеуір, кішірек екі бөлмелі ғана, орамы да тар. Сол себепті шақырған қонақтарымыз да соған сай екі жақтың ет жақындары және жора-жолдастар ғана. Тойды Төлеген басқарды. Алдымен бізді құттықтады, қуанышымызды бөліскені үшін қонақтарға ризашылығын білдірді және тойдың көңілді өтуіне үлестерін қосуды сұрады. Бір-екі тілектен кейін әнге кезек берілді. Сегіз серінің, Біржан салдың, Ақан серінің, Абайдың әндері шырқала бастады. Шәмшінің әніне келгенде бәрі қосыла кетеді.
Көп күттірмей буы бұрқырап екі табақ ет те келіп қалды. Бағлан қойдың етіне біраз қарқындағаннан кейін қайтадан ән жалғасты. Түн ауа биге де кезек жетті. Үстелдерді шығарып, билейтін орын дайындадық. Ән мен бидің көрігін қыздырып жүрген сол баяғы Дәметкен мен Төлеген. Төлеген шаршаңқырап қалды-ау деймін, сәл ертерек үйіне кетіп қалды, ал Дәметкен қонақтар түгел тарағанша жанымызда жүрді.
Бұл – осыдан алпыс жыл бұрын болған оқиға. Ардақты балдызым Дәметкен өте сұлу еді. Бойы ұзын, жүзі жарқын, құдды бір Сегіз серінің әнінде суреттелгендей-ақ.
“Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын.
Күлім көз, оймақ ауыз жазық маңдай”, – деген сөздер тура соған арналып жазылған ба дерсің?! Дәметкеннің ән айтуы да өзгеше еді ғой! Ол айтқан әнді ешкім дәл солай қайталап шырқай алмайтын. Оның нәзік даусы денеңді балқытып, жүрегіңді елжіретіп жіберетін.
Мұндай бойжеткеннің жігіттердің көзіне ілінбеуі мүмкін емес қой. Бірақ Дәметкен ешкімді маңына жақындатпады, өйткені, ол екі қолынан кемтар кәрі анасына қарайласты. Бұл әулеттің басынан не өтпеді? Әкесі Еслямғази мен нағашылары кезінде кәмпескеге ілегіп, мал-мүлкінен айырылады. Жан сақтау үшін алғашқыда Ресейдің Кемерево деген жеріне тоқтайды. Алайда, артынан қуғын келіп қалар деп қорқып, шығысқа қарай жылжи беріпті. Новосібір, Том жерінде біраз аялдап, сонау Краснояр өлкесінің Ачинск дейтін өңіріне дейін барған. Қай жерде болмасын алдарында ауыр жұмыс күтіп тұрды, көбіне тайгада ағаш кесті. Сібірдің суығына сай киім оларда қайдан болсын? Әкесі суық тиіп ауырып, бұл дүниемен ерте қоштасады. Анасы Гүлжауһар үйелмелі-сүйелмелі бес қызымен қалады. Асыраушысынан айырылған үйдің жағдайы айтпаса да белгілі ғой. Қыздар көбіне үлкен нағашысы Зұлқарнайдың қамқорлығында болады.
Көп уақыт өтпей жығылғанның үстіне жұдырық болып соғыс басталады да, тұрмыстары тіпті қиындайды. Зұлқарнай нағашысы ағайын-туысты жинап: “Қиындық қай жерде де болады, бұрынғылар “есің барда еліңді тап” деген екен, елге оралайық, енді бізді ешкім қудаламас”, – деп бәрін Қызылжарға бастап келеді. Алғашында туған жерде де жағдайлары оңала қойған жоқ. Бәріне бірдей үй табылмады, қысылып-қымтырылып тұрса да, тату-тәтті күнелтті. Дәметкеннің әпкелері түрлі курстарда оқып, жұмысқа орналаса бастады. Аналары іске шеберлігінің арқасында киім-кешек тігіп, оны сатып, ішіп-жемдерін айырды. Мен көрген Гауһар анамыз (бәрі Гүлжауһарды осылай атайтын) бойын тік ұстайтын, қызыл шырайлы, көзі көк, жігерлі, сөзге шебер, түр-тұлғасынан тектілік сезіліп тұратын адам болатын. Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде былай дейді: “Үш қыз тәрбиелеп өсірген адамның барар жері жәннат”. Демек, Гауһар ананың орны жұмақтың төрі болғай! Өйткені, ол бес қызының да бойына тәлімді тәрбие сіңіре білді. Қыздары инабатты болғандықтан, құда түсушілер де көп болды. Тұрмысқа шыққандары барған жерінде жарына адал, ата-енесіне сүйкімді, ағайын-туғандарға, көрші-көлемге сыйлы, істеріне мығым болды.
Үйленгеніме екі ай ғана болғанда әскери комиссариатқа шақырып, әскер қатарына алынатынымды жеткізді. Бұл мен үшін басыма жай түскендей ақпарат еді. Бес жыл бұрын ұшқыш боламын деп өзім сұранғанда денсаулығың жарамайды деп жалпы әскерден босатқан. Енді үйленіп, кешкі оқуға түскен сәттегі бұл хабар “түрмеге барасың” дегенмен бірдей еді. Қарашаның бітпейтін жаңбыры себелеп, өткір желі соғып тұрғанда бізді дірдектетіп темір жол бекетіне айдап әкелді. Ол кезде ескі бекеттің бер жағында ағаштан салынған еңселі ғимарат болатын, пойыз күтушілер осында жайғасатын. Мені шығарып салуға келгендердің қарасы әжептәуір екен. Дәметкенді ортаға алған топ ән салуға кірісті. Орысы бар, қазағы бар жиналғандар концертті қызыға тыңдап, әр әнді ду қол шапалақпен қарсы алды. Негізгі бекетте кісі қалмады, бәрі тегін концерт тамашалауға біздің жанымызға жиналды. Тіпті, кейбіреулері жолдарынан қалып қоя жаздады.
Мені әскерге шығарып салушылардың мақсаты – жабырқаған көңілімді жұбату екен. Дегендеріне жетті, көтеріңкі көңілмен пойызға отырып, сонау Қиыр шығысқа бет алдым. Әскери қызмет ауыр болған жоқ. Жарты жыл Хабаровскіде оқып келгесін бөлімшені басқартты, партия қатарына шақырды. Екі рет демалысқа жіберді, оқуға түсемін дегесін алты ай бұрын әскерден босатты. Петропавлдағы пединститутқа түстім.
Дәметкен балдызым әлі тұрмыс құрмапты. Ол жасы жеткен, екі қолы бірдей шалажансар анасын жалғыз қалдыру перзенттік парызын орындамау деп түсінетін. Ақыл айтушылар, әрине, көп болды.
– Төрт бірдей әпкең бар ғой, тұрмыстары жақсы, сенің анаң олардың да анасы емес пе? Біреуіне қалдыруға болады ғой, – дегендерге Дәметкен былай дейтін:
– Олар үйлі-баранды болды ғой. Күйеудің босағасына апарып, жалтақтатып қоймақпын ба? Жоқ, перзенттік парызымды аяғына дейін орындаймын.
Ана алдындағы перзенттік парызды осынша жоғары қойғанына, бір жағынан сүйсініп, екінші жағынан, өз өмірін құрбан еткеніне аянышпен қарайтынмын. Бірде:
– Дәметкен, қашан маған жақсы бажа тауып бересің? – дедім әзілдеп.
– Анамды қалай жалғыз қалдырамын? – деді ол.
– Шын сүйген адам болса, жалғыз анаңды ауырсынбас.
– Ондай адам табылса, көрерміз, – деді әзіл-шыны аралас.
Ондай адам табылып еді, әттең ғұмыры тым қысқа болды. Мирас қазақта сирек кездесетін білімі бар маркшейдер маман еді. Жезқазғанның шахталарына түсіп жүріп, радиация алып, өмірмен тым ерте қоштасты. Дәметкеннің қайғы-қасіретін сөзбен жеткізу қиын еді. Жалғыз жұбанышы – баласы Бақыт. Мирастан қалған аманатты құшақтап, кәрі анасын жетектеп, елге қайтып оралды. Ағайын-туыстары, жора-жолдастары жылап-сықтап көңіл білдіріп әлек. Басқа не істейді олар? Алланың ісіне шара бар ма?
Дәметкен тағдырға деген ызасын жұмыстан алғандай болды, баяғы мектеп-интернатқа қайта барып, ұстаздық іске қызу кірісті. Өмірден жиған-терген тәжірибесін, білімін шәкірттеріне арнады, бұл істе де адами парызды жоғары қойды. Әділдік, аналық жанашырлық оның педагогикалық берік ұстанымы еді. Шәкірттері де жоғары бағалады, шынайы сыйлады, айтқанын екі етпеді.
Көп ұзамай мектеп ұжымы Дәметкен Айтпаеваны бастауыш партия ұйымының басшысы етіп сайлады. Қажырлы еңбегі жоғарыдағылардың көзіне түсіп, облкомға жауапты қызметке шақырды. Бұл жерде екінші тынысы ашылып, терең білімінің жайдары мінезінің, ұйымдастыру қабілетінің, өнерінің арқасында атақ-абыройға ие болды. Әлде де ажары таймаған жас келіншекке өмірлік жар бол деп жүрегін ұсынғандар табылып еді, бірақ анасына сәбиі қосылғандықтан, екінші рет тәуекел еткен жоқ. Перзенттік парызға аналық қамқорлық қосылып, өз өмірін соларға арнады, жақындарының бақытын өзінікінен жоғары қойды.
Бақыт Гауһар әжесінің бауырында үлгілі тәрбие алып ержетті. Ол қартайған әжесін әскерге кеткенше алақанына салып күтті. Сүйікті немересі Отан қорғауға аттанғаннан кейін көп уақыт өтпей бұл дүниемен қоштасты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Бақыт түрлі салада жұмыс істеп көрді. Жоғары білім алды. Үйленді. Қашанғы Алла тағала Дәметкенді жылата берсін, адал сүт емген Айгүл деген келін сыйлады, алтын асықтай екі немере сүйді, бүгінде солардың қамқоршысы әрі ақылшысы. Бақыт өзінің жеке бизнесін ашты. Жұрт қатарлы үй салуды ойластырды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, үй салуға Дәметкеннің бұрынғы шәкірттері, жора-жолдастары қолдан келген көмектерін аяған жоқ.
Уақыт тоқтаусыз жылжып жатыр. Жас өседі, жарлы байиды. Қазір төрт құбыласына балайтын төрт әпкесінің екеуі ғана қалды. Өмірден өткен бауырларының артында қалған ұрпақтарына да қамқоршы болып, оларды қатарға қосуға күш-жігерін арнауда. Мұны да өзінің парызы деп есептейді.
Дәметкен өмірдің қаншама ащысын, қайғы-қасіретін көрсе де, алған бетінен, ақ жолынан тайған емес, абыройына еш уақытта кіршік келтірген жоқ. Бұл жол – жастарға ғибрат боларлық жол деп ойлаймын.
Шериаздан ҒАББАСҰЛЫ.
Петропавл қаласы.