Мал шаруашылығы, оның ішінде ветеринария саласында толғандыратын сауалдар көп. Соңғы жылдары жануарларды сауықтыру және олардың таза өнімдерін тұтыну бағытында ауқымды істер атқарылуда. Нәтижесінде малдардың жұқпалы ауруларға шалдығу деңгейі төмендеді. Дегенмен, бұл ұдайы жүргізіп отыруды талап ететін жұмыс. Мал жұқпалы ауруға шалдықса, одан шаруашылыққа үлкен кесел келеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын өңіріміздің екі агроқұрылымында мал ауруынан үлкен шығын болды. Биылғы жазда Қостанай облысында бөкендер қырылып, оған да ел болып күйзелдік. Бөкен – түз тағысы. Алайда, агроқұрылымда немесе қосалқы шаруашылықта өсірілетін малдың саулығын қадағалау өзімізге байланысты.
Қауіпті мал ауруларының бірі – пастереллёз. Бұл – жануарлардың көптеген түріне және адамға жұғатын сирек кездесетін жұқпалы ауру. Қоздырғышы – ауру немесе ауырып жазылған жануарлар ағзасында болатын пастерелла бактериясы. Пастереллёз аэрогенді және алементарлы жолмен жұғады. Пастереллёзбен ауырған малдың тыныс алу, ішек-қарын жолдарының кілегей қабығы қабынып ісінеді. Ауру малдың дене қызуы көтеріледі, жемшөптен қалады, тамыр соғуы және тыныс алуы жиілейді. Ішек, қарынның кілегей қабығы қабынса, іші өтеді, әлсірейді, басы, мойны ісінеді. Ауру асқынса, мал өледі. Аурудан сақтандыру үшін қоражайды таза ұстап, малдың күтімін жақсарту керек. Қазақстанда 2005 жылдан бастап пастереллёзге шалдығудың 6 оқиғасы тіркелді. Шығыс Қазақстан облысында 2005 жылы бір оқиға, 2008 жылы екі оқиға тіркелген. Ал 2008 жылы Солтүстік Қазақстан облысында – бір, 2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында екі оқиға орын алған.
Ауру үш топқа бөлінеді. Бірінші топтың негізгі көріністері – инфекция түскен жердегі (мысықтар, иттер тырнаған орны) өзгерістер, кейде артриттер мен остеомиелиттер қоса анықталады. Екінші топқа жататын науқастардың өкпелерінде созылмалы өзгерістер болады. Үшінші топқа қоздырғыштың қанға енуі, көптеген ағзалардың өте ауыр зақымдануы (менингиттер, ми абсцесстері, іріңді синуситтер, эндокардит, пиелонефриттер, мастоидиттер және басқалар) тән.
Пастереллёздің алдын алу үшін шаруашылық субъектілерінің басшылары, мал иелері, сонымен қатар ветеринар мамандар мыналарды назарларында ұстаған жөн: жаңадан келген жануарларды басқалардан 30 күн бойы оқшаулап ұстау, жемшөптің залалдануының алдын алу үшін мал қорасы мен азық қоймаларының айналасында кеміргіштердің болмауын қадағалау, мал азығының сапасын тексеріп отыру, ауру тіркелген шаруашылықтың айналасындағы малдардың бәріне пастереллёзге қарсы вакцина қолдану және ауру ошағы шыққан жерге бір жыл бойы басқа жердің малдарын жолатпау. Сондай-ақ, пастереллёз ауруы шыққан шаруашылыққа заңды түрде бірқатар тыйым салынады. Мәселен, оларға малдарды қайта топтастыруға, таңбалауға болмайды. Ауру жұқтырған малды ашық жайылымға шығаруға және суаттардан суаруға тыйым салынады. Пастереллёздің қоздырушысы табылған малдың қиын немесе зәрін егістікке шығаруға болмайды. Ауру малдың сүтін 90 градуста 5 минут бойы қайнатып, тек малдарды азықтандыру үшін ғана қолданады. Ал мал қиына хлорлы әктің ақшыл ерітіндісін қосады. Пастереллёзден өлген малдың өлексесін өртейді немесе биотермиялық орларда залалсыздандырады. Өлген малдан немесе лажсыздан сойылған малдан алынған теріні 1 пайыз тұз қышқылының ерітіндісімен және ас тұзының 20 пайыз ерітіндісі араласқан қоспамен залалсыздандырады.
Меңсұлу ӘЛІМБАЕВА,
“Республикалық ветеринарлық зертхана” РМК облыстық филиалының
директоры.