«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАТРИОТТАР МЕКТЕБІ

Бүгінде түрлі жағдаймен біржылдық әскерге бара алмай қалған жастарға мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Оған жақында көзім жетті.

Жуырда Еркетай деген досымды жолықтырдым. Хал-жағдай сұрасқан соң маған қалтасынан суырып, мұқабасы көк бір құжатты ұсынды. Қарасам, әскери билет екен. Аңтаңмын. Бәлкім, бір жылдан кейін көріссек, мұндай таңданыс болмас па еді? Екі-ақ ай бұрын көрген досымның бұл жаңалығына сенер-сенбесімді білмедім. Оның үстіне мен танитын Еркетай университеттің әскери кафедрасында оқымаған еді. Қызыға түстім. Ақырында досым мән-жайды түсіндірді. Білгенімдей, ол «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Петропавлдағы филиалында қырық күндік оқудан өтіпті.

Бұл мектепте бар-жоғы қырық күннің ішінде ақылы түрде әскери борышыңды өтеуге болатынын біреу білсе, бірі білмейді. Құлақтанғандар болса, бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. Еркетай осындай мектептің барын естігенде, көп ойланбай, жұмысынан уақытша босанып, осында оқуға түскен. Бұл маған да ой салды. Сол себепті, досымнан бұл мектепке қалай түскендігін сұрадым.

Ең әуелі қызылжарлық досым облыстық қорғаныс істері басқармасына барып, арыз жазған соң медициналық комиссияның тексеруінен өтіпті. Нәтижесінде, салмағы мен бойы келіп, денсаулығы жарамды болған ол әскери-техникалық мектепте азаматтық борышты өтеуге мүмкіндік алған. Осы тұста айта кетерлігі, мектеп табалдырығын ақшасы бар кез келген жас аттай бермейді. Осы орайда, басқа да оқу шарттарымен танысу үшін «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Юрий Глумовқа қоңырау шалдым. “Оқуға түсушілерге қойылатын бірнеше талаптар бар. Ең алдымен талапкер 22 мен 27 жас аралығында болуы керек. Сондай-ақ, болашақ сарбаздың денсаулығының кінәраты мен ешбір соттылығы болмауы тиіс. Оқу құны 263 318 теңге. Бұл төлемақы есебінен курсант күнделікті үш уақыт тамақпен, әскери киіммен, жатын орынмен қамтамасыз етіледі”, – деген запастағы подполковник оқу бағдарламасы жайлы да егжей-тегжейлі айтып берді.

– Әскерге шақырылғандарды оқыту Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары бекіткен жоспарға сәйкес жүргізіледі. Бұл жоспар жыл сайын өзгертіледі. Мысалы, үстіміздегі жылы бұл оқу бағдарламасына сәйкес курсанттар 40-42 күннің ішінде 280 сағат оқыды. Осы уақытта олар әскери қызметтің негіздерін үйренді, – деді ол.

Әскери-техникалық мектепте біздің өңірдің жастарымен қатар Қостанай облысының жігіттері де оқуда. Өйткені, оларда дәл осындай оқу орны жоқ екен. Мәселен, үстіміздегі жылы мектепке 420 курсант қабылданса, солардың 180-і – қостанайлықтар.

Мектептегі күн тәртібі кәдімгі әскердегімен ұқсас. Сарбаздар таңғы сағат 6.30-да тұрып, жуынып-шайынады. Таңғы жаттығудан кейін астарын ішеді. Бұдан соң сабақ басталады. Оқу бағдарламасының ауқымы кең. Курсанттар Қазақстан Республикасының заңдарын біліп, жалпы әскери жарлықтармен танысып, қару қолданудың қыр-сырын үйреніп, әскери барлау және картамен жұмыс істеуді меңгереді. Сондай-ақ, ұстаздар оларға минадан қандай амалмен қорғануды, радиациямен зақымданғанда не істеу керектігін, бірінші әскери-медициналық көмекті қалай көрсетуді үйретеді. Сарбаздарды теориямен таныстырып қана қоймай, тәжірибеден өткізу үшін Щучинск қаласындағы полигонға да апарады екен.

Сайдың тасындай сапқа тұрған сарбаздар тізіліп жүріп, оңға, солға, кері бұрылуды да меңгереді. Себебі, оқудың алғашқы күндерінде оң мен солды айыра алмайтын жастар да кездесетін көрінеді. Бірақ қырық күн тыңғылықты дайындалған сарбаздар оқудың аяғында қаз-қатар жүрмек түгіл, автоматты жылдам бөлшектеп-жинауды да жетік меңгереді екен.

Оқудың қысқа мерзімділігін айтпағанда, мектептің тағы бір артықшылығы – демалыс күнінің болуы. Яғни, сарбаздар ата-анасымен, туған-туыстарымен, достарымен көрісу үшін жексенбі күні демалыс алады. Әскери тәртіпті бұзбаған курсанттың демалысына сенбі де қосылып беріледі.

Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуде әскери ұстаздардың рөлі зор. Осы орайда запастағы офицерлер Игорь Четверов, Владимир Францов, Александр Степанов, Виталий Шангин, Жақсыбай Мусин талай сарбазға әскери өмірдің әліппесін үйретті десек болады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp