Петропавл қаласында тұратын 75 жастағы зейнеткер Күлзия Жақсылықова жуырда редакцияға арнайы келді. Ол кісі екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан әкесінің қабірін Ресей аумағынан тапқанын хабарлады.
Зейнеткердің әкесі Темірғали Жақсылықұлы 1892 жылы қазіргі Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында дүниеге келіпті. Соғыс басталғанға дейін ауылда қой бағыпты. Домбыраның құлағында ойнап, араб тілін жетік білетін ол ақындық қабілетімен де танылған екен. Бірақ қызық-қуанышқа толы бейбіт өмірді зұлмат соғыс бұзып, елінің сәні, ортасының гүлі болған Темірғали Жақсылықұлы 1942 жылы майданға аттаныпты. Оның амандығын тілеп қалған зайыбы алты баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріпті.
– Әкем соғысқа кеткенде, мен 9 айлық нәресте әрі үйдің кенжесі екенмін. Содан да әкемнің түр-түсі есімде қалмапты. Шешеміз 1943 жылы майдан даласынан “қара қағаз” келген деп отыратын. Бірақ бұл хатты кейін жоғалтып алдық, – дейді зейнеткер. Содан бері майдангердің қызының көңілі бір тыншымай, қаза тапқан әкесінің қабірін тауып, оған туған жердің бір уыс топырағын салуды армандаған. Соның реті жақында түсіп, Күлзия Темірғалиқызы әкесін іздеу мақсатында Мәскеу, Ленинград, Қазан қалаларының мұрағаттарына сұрау салғанын айтады.
Көп ұзамай Татарстан Республикасының астанасы – Қазаннан сүйінші хабары бар хат та жетіпті. Онда қазақ жауынгері Темірғали Жақсылықұлының Қазан қаласындағы бауырластар зиратына жерленгені хабарланыпты. Үстіміздегі жылы Күлзия әжей әкесінің туған ағасының баласы Болаттың көлігімен үш немересін ертіп, жолға шығыпты. Әкесі жерленген бауырластар зиратына туған жердің бір уыс топырағын апарып, шөберелері аталарының басына гүл шоқтарын қойыпты. Сондағы деректерге қарағанда, Темірғали Жақсылықұлы 1943 жылдың 9 маусымында госпитальда қайтыс болыпты. Оның есіміндегі кей әріптің өзгешелігі болмаса, барлық деректері сәйкес келген.
– Қазан қаласындағы бауырластар зиратында жерленген майдангерлер көп екен. Әкем жатқан қабірдің басындағы мраморлы мемориалда 250 жауынгердің аты-жөні жазылыпты, – деген әжей қабірді іздеудегі түпкі мақсатымен бөлісті. “Әкемнің жерленген жері туралы хабарды естігелі бері ұйқым қашып, тынышым кетіп жүр еді. Енді, міне, өзін көрмесем де, әке рухына басымды иіп, перзенттік парызымды орындап қайттым. Бұдан былай балаларым мен немерелерімді әкемнің басына жиі ертіп апарғым келеді. Ұрпағы атасын ұмытпаса екен деген тілек қой”, – дейді 73 жылдан кейін әкесінің жерленген жерін тапқан Күлзия Темірғалиқызы.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.