Қала ең бірінші кезекте балалар үшін қолайлы болуы қажет деп санайтын петропавлдық оқушы Әлихан Көшербаев қоғамдық көлікте кездесетін проблемаларға қатысты арнайы жоба жасады. Енді жасөспірім өз еңбегін ЮНИСЕФ ұйымының ұйымдастыруымен қазан айында Германияның Кёлн қаласында өтетін халықаралық саммитте таныстырмақ.
Биыл шілденің соңында жасөспірім Инстаграм парақшасын ашып, өз блогында қаланың инфрақұрылымы, түйінді мәселелерін қарастырып, оларды шешу жолдарын ұсынады. “Білім-Инновация” лицей-интернатының 11-ші сынып оқушысы бар-жоғы бір айда 40-тан астам пост жазыпты. Нәтижесінде күнделікті серуен ауқымды жобаға айналды. Қоғамдық көлік мәселесін жан-жақты зерттеуге 2 аптадай уақыт кетіпті. Осы аралықта жасөспірім әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қала тұрғындарынан автобустардың сапасы мен қызметі жайлы сұрастырыпты. Кейін өзге шаһарлармен салыстырып, кем-кетік тұстарын анықтаған.
Ең бірінші кезекте, Әлиханның сөзінше жол ақысын қайта қарастыру қажет. «Оқушылар күнделікті қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. 15 жасқа толмаған балалар үшін жолақысы 40 теңге болса, қалғандары үшін – 80. Бұл ойға қонымсыз. Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес, 15-ке дейінгі және 18-ге дейінгі балалардың құқықтары бірдей, яғни тең. Сәйкесінше, кәмелеттік жасқа жетпеген азаматтардың барлығы үшін жолдың құны 40 теңгені құрауы қажет», – дейді Әлихан Көшербаев.
Тағы бір мәселе – автобустардың бағыттары көрсетілген сызба. Нұр-Сұлтан қаласында мұндай кесте әрбір аялдамада бар. Ал біздің шаһарға жаңашылдық әлі жетпепті. Сондықтан бұл жұмысты Әлихан өз мойнына алып, әзірге 3 аялдама үшін сызба құрастырыпты. Қазір тағы екеуін әзірлеп жатыр. Мұнда автобус станциясынан қандай қоғамдық көліктің қайда баратынын көруге болады. Өз жобасын ол алдағы уақытта қалалық әкімдік өкілдеріне ұсынбақ ниетте.
mtrk.kz