«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛИМӘДЕНИ ТӘРБИЕ – ЖАҢА ҚҰБЫЛЫС

12 жылдық оқытуға көшу жағдайында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін мектепке дейінгі жастан бастап меңгерту – жалпы білім берудің ажырамас бөлігі. Тілді қатынас құралы ретінде үйрену осы тілде сөйлейтін халықтың мәдениетін зерделеусіз мүмкін емес. Полимәдени тәрбие – балалардың мектепте табысты оқуының кепілі, өйткені, мектепке дейінгі кезеңде тұлғалық мәдениет негізі қалыптасады.

Бүлдіршіндердің полимәдени тәрбиесін зерттеушілердің пайымдауынша, мектепке дейінгі жастағы балғындар ұлттық факторды сезгіш болады, олар адам тұлғасын құрметтеуге дағдыланады. Туған мәдениетіне қызығушылықтары мен құрмет сезімдері нақ осы шақта дамиды. Олар этникалық мәдениеттердің әралуандығы мен ерекшеліктерін қабылдауға, адамдарға ұлтына қарамай мейірімділік танытуға үйренеді.  

Полимәдени тәрбие – жаңа құбылыстардың бірі. Оны зерттеулердің басым бөлігі мектеп жасына дейінгі балаларды өзге этностар мәдениетімен таныстыруды көздейді. Ол халық ауыз әдебиеті, әндері, қолданбалы қолөнер, ұлттық ойындар, тағы басқа да тәсілдер арқылы жүзеге асады. Мектепке дейінгі ұйымдарда полимәдени тәрбие үш бағытта жүзеге асырылады. Олар: ақпараттық қанықтыру (түрлі халықтар дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы білім беру, мәдениет ерекшеліктері мен құндылықтары және т.б. хабарлау), эмоционалдық ықпал (“ақпараттық қанықтыру” бағытын іске асыру барысында баланың қабылдауын мақсат ету, оның “сезімдерін” қозғау), мінез-құлық нормалары (халықтар арасындағы өзара қатынас нормалары, әдеп ережесі туралы баланың білімі оның мінез-құлқында көрініс табуы тиіс).

Алға қойған барлық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін “Ақ бота” бөбекжай-балабақшасының педагогтері тәрбиеленушілердің елтану білімдерін арттыруға бағытталған тақырыптық сабақтар, мерекелер, сауық-думан мен тіл апталықтарын өткізеді. Барлық жас шамасындағы топтарда туған елдің, жақын және алыс шетел халықтарының мәдениет ерекшеліктерімен таныстыратын ұлттық бұрыштар, көрмелер, альбомдар ресімделген. Тәрбиешілер әр этностың ертегілерін, жаңылтпаштарын, мақал-мәтелдерін пайдаланып, түрлі танымдық-дамыту шараларын өткізеді.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдері мұғалімдері өз сабақтарында қарапайым коммуникативтік міндеттерді өздігінен шешу дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, балаларды тілдерге қатысты елдердің мәдениетімен таныстырады. Музыкалық жетекшілер баланың жан күйзелісі мен сезімдерін, көңілкүй әралуандығын дамытуға арналған фольклорға көп көңіл бөліп, ұлттық музыка әсемдігін түсінуге, хореограф өнердің ең сүйікті түрі – биге баса назар аударады. “Басқа халық биін түсіну үшін тілді білудің керегі жоқ. Қазақ, орыс, өзбек және тағы басқа халық билерін үйрене отырып, баланың дүниетанымы молаяды. Басқа мәдениет пен өркениетті танып құрметтеуге, адамдар мен халықтар арасында түсінушілік болуы қажеттігін білуге үйренеді”, – дейді олар.

Полимәдени тәрбие үдерісіне бейнелеу өнері бойынша сабақтар да елеулі үлес қосады. Бейнелеу өнері арқылы балалар ұлттық қолданбалы қолөнер, кескіндеме және ою-өрнек элементтерімен танысады, бояу мен өрнектердің ұлттық нақыштарын пайдаланады.

Балабақшаның педагогикалық ұжымы балғындардың полимәдени тәрбиесіндегі отбасының әлеуметтік рөлін арттыру бағытында да тынбай еңбектенеді. Онда бала коммуникативтік қатынас амалдарын меңгеруге, басқаларды тыңдауға және пікірлерін құрметтеуге, өз жақындарына сабырлылық пен ілтипат танытуға тәрбиеленеді. Ата-аналар балаларының қызығушылықтарын ескере отырып, түрлі мереке, ертеңгілік, викторина, сайыс, көрме және басқа да іс-шараларға белсене қатысады. Аталмыш жұмыс арқылы балалар өзге елдің мәдениетімен танысып, құрдастарын, олардың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын құрметтеуге үйренеді. Ең бастысы, балалар тең және бейбітшілік пен келісімде өмір сүру қажеттілігін ұғынады.

Алтын СЕЙІТОВА,

“Ақ бота” бөбекжай-бақшасының

директоры.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp