Облысымызда жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы өз мәресіне жетті. Апталық Дүниежүзілік жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күніне арналған акциямен аяқталды.
Оған жергілікті полиция қызметінің 40-тан астам қызметкері қатысты. Зардап шеккендерге көмек ретінде облыстық жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қан тапсырды. Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында апаттан 200-ден астам адам зардап шеккен. Олардың 37-сі – бала.
– Мұны өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Жол үстінде апаттар мен олардан зардап шегуші азаматтар аз болса екен деймін, – дейді полиция сержанты Ерік Жетібаев.
– Жол-патрульдік полицейлердің басты міндеті – жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кей уақытта олар да апат орын алған кезде зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатады. Полиция қызметкерлерінің қан тапсыруы дәстүрге айналған. Бұл шара екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Сондықтан олардың бұл көмегі адамдардың өмірі мен денсаулығына септігін тигізсе екен, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
Сондай-ақ, полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу іс-шараларын өткізді. “Жол қозғалысы қауіпсіздігінің апталығы” аясында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібі тақырыбына арналған түрлі акциялар мен конкурстар ұйымдастырылды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.