Астана қаласына барған сапарымызда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Жарасбай Нұрқановтың үйіне ат басын бұрдық. Келгенімізге шын жүректен қуанған жақсының жары Қазина апайымыз қаламгердің жұмыс кабинетін көрсетті. Ұстаған заттарын шашау шығармай, көздің қарашығындай сақтағанына іштей қуанып қалдық.
– Әкем мен шешемді мен ата-әже деп өстім. Үш жасымда орысы көп «Кривощеково» кеңшарында тұратын Есләм ағатайым мен Меруерт жеңгемнің қолына берген екен. Орыс мектебіне бардым, тілім де, тәрбием де орысша болды, – деп бастады әңгімесін. Мектеп бітірген соң құжаттарын медицина университетіне пошта арқылы жіберген. Арада бір ай өткенде конверттің сыртында «Қабылдау мерзімінен кешігіп қалдыңыз» деп жазылған хаты өзіне қайта келіпті.
Оқуға түсе алмаған соң Көктерек ауылына – әке-шешесінің қасына келіп, ауыл жастарымен бірге жұмысқа араласып кетеді. Жарасбай Нұрқанов – сол кезде мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген маман. Жастар кешке концерт қояды, ән айтып, би билейді, өлең оқиды. «Бірде сахнадан Жарасбай Абай мен Пушкинің өлеңдерімен қоса өз өлеңін оқыды. Тірі ақынды тұңғыш көруім. Сол күннен Жарасбай дегенде жүрегім басқаша соғатынын ұқтым», – деп екеуін поэзия табыстырғанын жеткізген Қазина апамыздың үйіне бір күні көрші ауылдан қарт адам келіп, құда түсіп, жеңгелерінің келісімін алып, тіпті алып кететін күнді де белгілеп қойғанын жеткізеді.
Мұндай тосын жаңалықты естіген ол сүймеген адамының соңынан еріп кете бермей, жүрегі қалаған адамға сырын ашпаққа бекінеді. «Дәл сол уақытта Есіл тасып, қалаға баратын жол жабылды. Шешем аяғын сындырып, жазушы Герольд Бельгердің әкесі, ауыл дәрігері Карл Бельгер шешемді ұшақпен алып кететін болды. Шешемді ауруханада жатқан уақытында күту үшін мен де баруым керек екен. Сол сәтті пайдаланып, Жарасбайдың інісі Сансызбай арқылы «Я вас люблю, женитесь на мне» деп тілдей хат жазып жібердім. Жәкең де іштей мені ұнатқанымен, он жас айырмашылық бар деп мені жассынып жүр екен. Хатты алысымен әкесімен ақылдасыпты. «Сәкеңнің қызы ғой, тағдырын саған сеніп тапсырса, жылатпа», – депті әкесі. Содан Жарасбай да менің соңымнан жетті. Мен ол кезде ауруханада шешемнің қасындамын. Мені сыртқа алып шығып: «Ертең алып қашуға келемін, дайын бол», – деген бір ғана сөз айтты. Есіл тасып жатқан уақыт, салмен өте алмаймыз, ұшақпен «алып қашып» келді. Кейін соңымнан әлгі құда түскен жігіт іздеп келгенде де мені араластырмай, өздері сөйлесіп, мәселенің бәрін өзі реттеді. Маған: «Қорықпа, өміріңді маған сенген екенсің, сені жылатпаймын. Жоғары білім алғың келетінін де білемін. Оқуың үшін жағдайдың бәрін жасаймын», – деді. Сол сөзінде тұрды», – деп жақсының жары шаңырақ көтеруінің өзі бір хикая болғанын жеткізді.
Жарасбай Нұрқанов мектепті алтын медальға бітіріп, сол кездегі Кеңес одағындағы университеттердің кез келгеніне түсуге мүмкіндігі болса да, басқа оқу орнын таңдамай, «М.Әуезовтің дәрісін тыңдағым келеді» деп ҚазМУ-дің филология факультетіне құжат тапсырады. Оқуын жақсы бағамен аяқтап, болашағынан үміт күттірер жас ақын ретінде таныла бастаса да, дипломын қолға алысымен қайтадан ауылына ат басын бұрады. «Қайтсем де өзім оқыған мектебіме қызмет етіп, өсіп келе жатқан балаларды әдебиет пен мәдениетке баулимын» деген бала арманына адал еді. Сол жерде өмірлік теңін тауып, болашаққа нық қадам басты. Көзі тірісінде өзі де «Елге оралғанымның бір қуанышы – саған үйлендім» деп жан жарына үнемі айтып отырады екен.
Әуелі ауылда мектеп мұғалімі болған Жарасбай Нұрқанов 1965 жылы белгілі қаламгер Сафаржан Хайдаровтың шақыруымен Ақмола қаласындағы «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналасып, журналистер қатарына қосылады. Қазина апамыз 1967 жылы академик жазушы Сәбит Мұқанов бастаған бір топ қаламгер Ақмолаға келгенде дастарқандас болғаны ерекше есінде қалғанын айтады. Қонақтардың қатарында Мәриям апай мен Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам да болған екен. М. Горький атындағы орыс драма театрында «Сәкен Сейфуллин» атты пьесаның тұсаукесері өтеді. Сәбит Мұқанов бастаған зиялы қауым өкілдері ақмолалық жазушылармен, журналистермен жолығады. Газет редакциясында, облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада, қала мектептерінде кездесулер болады. Кездесуден кейін жергілікті қаламгерлер Сәбит ағаға құрмет көрсетіп, жазушы Әскен Нәбиевтің үйінде қонақ қылады. Бір уақытта Сәбең: «Алдыма жас келін келсін», – дейді. «Жігіттер дедектетіп мені алып барды. Ағамыз алақанын толтыра ет алып асатқаны әлі есімнен кетер емес», – дейді Қазина апай.
Жетпісінші жылдары Ақмолаға белгілі қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиевтер жиі келетін. Олармен де бірге жүріп, әдебиет, мәдениет төңірегіндегі әңгімелерге қаныққанын еске алған Қазина Сәдуақасқызы кейін Қасым Қайсенов, Жұбан Молдағалиев, Рақымжан Қошқарбаев, Еркеш Ибраһим, Тұманбай Молдағалиев, Шона Смаханұлы, Сағынғали Сейітов сынды қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері үйінің қадірлі мейманы болғанын есіне алды.
Кейде «Жаңа ғана шаңырақ көтердік. Сыйлы кісілерді ұялмай күтетін жөнді ыдысымыз да жоқ», – дегеніне отағасы: «Үлкен кісілердің батасын алудың өзі – бір ғанибет. Ол кісілер де жас болды. Біздің жағдайды түсінер», – деп өз қолдауын білдіреді екен.
– Ол уақытта тоңазытқыш та жоқ. Сондықтан етті сақтау қиын. Жақында ғана ауылдан келген екі үйрек пен екі қаздың етін асып, сорпаға ащы құрт қосып, дәмдеп қонақтарға тарту еттім. Құстың етін тартты деп сөге ме екен деп өзім қипақтап барам. Дастарқан басында Қасым ағамыз: «Ақмолаға келгелі қой етін жеп шаршадық. Жарасбай ініміздің үйінен деликатес жеп марқайдық» деп жас отаудың көрсеткен құрметіне разылығын білдіргенде сондай қуандым. Кейіннен Алматыда кездесе қалсақ: «Келін, үйрек пен қаз етінің дәмін ұмытқан жоқпыз, сағындық» деп қалжыңдап айтып жүретін», – деп қазақ батырының аузынан естіген жүрекжарды лебізін үлкен мәртебеге балайтынын айтты.
1980 жылы Сапар Байжановтың шақыртуымен Алматыға қоныс аударса да, Жарасбай ақын ауылына жиі сапарлап тұрған екен. Елге келе ауыл-аймақпен, ел-жұртымен кездесіп, өлеңін оқып, жерлестерімен арқа-жарқа болатын. «Жомарт туғанда «Шешеден жалғыз едім, енді жалғыз емеспін», – деп көзіне жас алып қуанған бейнесін ұмыту мүмкін емес. Жәнібек туып, перзентханадан шығарда маған әкелуге тиіс аяқ киімді ұмытып кетіп, жалаң аяқ күйде көтеріп алып таксиге отырғызып еді. Отбасын бәрінен де жоғары қойды. Үйге алуға тиіс нан мен сүтті таңдап жүріп алатын. Балалардың мектепке баратын аяқ киімін сүртіп отыратын. Кірпияз адам еді. Тіпті бесінші қабатта асылған еттің қандай екенін иісінен бірінші қабатта тұрып-ақ білуші еді. Бір жолдасымыздың үйінде болып, табаққа қол сала бергенде: «Айттым ғой саған еттің борсыған иісі барын, тұздағанда бүлдіріп алғанын», – дегенде табақтас болып отырғандар не жерін, не жемесін білмей қалды. Жұрт қолын сүрткен орамалға қолын сүртпеу үшін төсқалтасында үнемі бір орамал жүретін. Ас үйдің орамалына дейін аппақ болып тұратын. Балаларын да тазалыққа үйретті», – деген жақсының жары өзі не істесе де, ерінен жоғары баға алатынын, балалары да әкелерінің талабын, бағыт- бағдарын, не қалап тұрғанын айтпай-ақ біліп, екеуі де әкеден көргенін істеп, ішімдік ішпей, шылым шекпегенін мақтанышпен жеткізді.
«Өмірде болдым, толдым деген сөз айтпа. Адамның көңілі көрген сайын көре берсем деп, болған сайын бола берсін деп қалайды. Тойымдылыққа үйрену керек», – деген Жарасбай ақын бала-шағасын театрға апарып, кітапхананың тұрақты оқырманы қылып руханиятқа булыды, оқуға бейімділігін арттырып, өмірдің ізденістен тұратынын ұқтырды. Үлкен ұлы әкесінің ізін басып, өлең жазады.
«Қазина, мен тауда жата алмаймын. Туған жеріме жамбасым, жауырыным тисе, арманым болмас еді. Өз туған даламда жатсам деп аңсаймын», – деп ауырып жүрген кезінде Көктерекке апаруымызды аманаттағанда: «Жарас, қазір уәде беріп, артынан орындалмаса, ол болмайды. Обал болады. Қазақ топырақ бұйырған жерден дейді ғой. Көреміз» деп едім. 2008 жылы Алматыдан Астанаға қоныс аудардық. Осы үйінде үш-ақ жыл тұрды ғой. Жарасбай о дүниелік болғанда Президент әкімшілігі, Үкімет комиссия құрып, Көктерекке дейін шығарып салып, аманатын орындадық», – деген жақсының жары ерінің ақырғы тілегін орындап қана қоймай, әдеби мұрасын түгендеп, өзінің табандылығымен «Көкжиек», «Қызылжар», «Замана үні» кітаптарын шығарғанын да айта кеткен жөн. Алдағы уақытта «Перзент пейілі» кітабы да жарық көрмек. Көп жазбаса да, дөп жазған ақынның жырлары асыл жарының арқасында жарық көріп жатыр.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».