«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ ЖАЙЛЫ ҚҰНДЫ ЕҢБЕК

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Сонау қиын-қыстау заманда, яғни экономикалық және саяси тұрақсыздық орын алып жатқан әлемде Елбасы еліміздің ішінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, экономикалық гүлдену мен әлеуметтік дамудың бастауында тұрды. Содан болар, Мемлекет басшысы туралы жазылып жатқан шығармалар, кітаптар аз емес. Жазылған жанрына, көздеген мақсатына қарай Елбасының қайраткерлік, көшбасшылық тұлғасын түрлі қырынан ашатын туындылардың әрқайсысының арқалаған жүгі, оқырманға айтар өзіндік ойы бар. Елбасының ел өміріндегі мән-маңызын қаз-қалпында айшықтаған, шынайы мысалдармен әдемі өрнектеген, қалың көпшілікке арналған кітаптар қатары тағы бір құнды еңбекпен толықты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы “Ұлы адам туралы ұлағатты кітап” атты жаңа туындының авторы – Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы, публицист Николай Зенькович. Танымал тұлғалар туралы жазылған ондаған кітаптың авторы Нұрсұлтан Назарбаев туралы алғаш рет қалам тербеп отыр. “Мен бұл кітапты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейiн жаза бастадым. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаев туралы оғаш пікір айтылғанын естіген емеспін. Қоғамдық пікір деген осы. Нұрсұлтан Назарбаев туралы қоғам ойының өзгергенін де көрмедім. Ол халқын, халқы Мемлекет басшысының қадірін біледі. Бұл кітап 12 жастан асқан оқырмандарға арналған. Басты идеясы – қол қусырып отырсаң, ешқашан ұлы тұлға бола алмайсың”, – дейді автор.

Қаламгердің айтуынша, кітапқа өзек болған Елбасының өмір жолы оқырманды өзіне еріксіз баурап алады. “Нұрсұлтан Назарбаев тарих үшін маңызды оқиғалардың басы-қасында жүріп қана қоймай, қиын кездері жағдайды өз қолына ала білді. Бұл үшін ерлік, білім және тәжірибе керек. Ең бастысы – Отан үшін еңбектену. Президенттің өмірі Отанымен, халқымен бірге өрбіді. Соның арқасында оны тек Қазақстанда емес, шетелде де ерекше бағалайды”, – деген ол жастарға Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсауға кеңес береді.

Бұл жайында ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне аударған белгілі қазақстандық журналист, қаламгер Қайнар Олжай да айтып өтті.

– Елбасының саяси тұлға ретіндегі еңбектері көп дүниеге арқау болды. Бірақ оның жастық шағы туралы фильмнен басқа ештеңе жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында Бейбіт Сапаралының Президенттің балалық шағы туралы кітабы шыққан болатын. Бірақ жоғары сынып оқушыларына, студенттерге арналған кітап жоқ еді. Осы кітап сол бос орынға кірпіш болып қаланды, – деген ойын білдірген Қайнар Олжай кітаптың стилін Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым – Қожа” шығармасына ұқсатты.

Аудармашының айтуынша, кітапта тарихи деректер көптеп қамтылған. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мұнайын игеретін кездері “Шевронға” барып, екі апта бойы тәжірибеден өткенін біреу білсе, біреу білмейді.

Кітап екі бөлімнен тұрады. “Үшқоңырдан шыққан ұлан” атты бірінші бөлімі Президенттің балалық шағын, жастық жылдарын сөз етеді. “Мәртебелі Президент” аталатын екінші бөлімі оның әлемге танымал тұлғалар қатарына қалай қосылғаны туралы сыр шертеді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp