«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ ТӘЖІКСТАНҒА БАРАДЫ

Биылғы қыркүйек айында Қазақстан мен Тәжікстан Президенттерінің Душанбеде өтетін кездесуіне тыңғылықты дайындық жүргізілуде. Бұл жайында Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2014-2015 жылдарға арналған әріптестік жоспарына қол қою барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов айтты.

“Осы жылдың қыркүйек айында Душанбеде өтетін екі ел басшылары кездесуінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын келіссөздер нәтижесі бойынша ел басшылығы мен Үкіметіне баяндап отыратын боламыз”, – деп атап өтті Е.Ыдырысов. Оның айтуынша, соңғы жылдарда екі ел арасындағы әріптестік шапшаң дамып, жаңа деңгейге көтерілді. 2013 жылы арадағы тауар айналымы 700 млн. долларға жеткен. “Бізге тауар айналымы көлемін одан әрі өсіріп, жуық арада өзара сауда-саттықтың номенклатурасын кеңейту қажет. Біздің екіжақты пайымдауымызша, бүгінде екі ел арасында инвестициялық, көліктік-коммуникациялық, ауыл шаруашылық, мәдени-гуманитарлық және басқа да көптеген салалар бойынша үлкен әлеует бар”, – деді СІМ басшысы.

Өз кезегінде Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджидин Аслов екі елдің әріптестігі жақын туыстық, достық негізде құрылғанын атап өтті. “Кездесу барысында біз Тәжікстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы құдайы көршілік, сенім мен әріптестік аясында өрбіп келе жатқанына тағы бір көз жеткіздік. Сондықтан Қазақстан біздің еліміздің сыртқы саясатындағы ерекше құрметті орында”, – деді С.Аслов.

“ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp