«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫ — ҒАЖАЙЫПТАР МЕРЕКЕСІ

 

Елбасының еліміздегі дарынды балаларды Жаңа жылмен құттықтап, оларға арнап мереке өткізетін әдемі дәстүрі бар. Биыл да бұл үрдіс үзілген жоқ, өз жалғасын тапты. Мұндай қызықтан қызылжарлық балақайлар да құр қалмады. Биыл өңірде Президент шыршасына 200-ге жуық бала қатысып, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолынан бағалы сыйлықтар алды.

Облыс орталығындағы Спорт сарайында өткен мерекелік шарада балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тұрмысы төмен отбасылардың балалары, оқу озаттары және әртүрлі байқаулардың жеңімпаздары ертегілер еліне саяхат жасап, шын мәнісінде осындай ғажайып сәтті бастан кешті.

Көздің жауын алатындай әсем тігілген киім киген балалар төбесі көк тіреген шыршаға тамсанып, ән мен биі үзілмеген сахналық қойылымдарға мәре-сәре болысты. Облыстық С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері балаларды ертегілер әлеміне жетелеп, қиялдарына қанат бітірді.

Шара аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тікелей эфир арқылы естіген балалар ерекше қуанышқа бөленді. “Қымбатты балалар, бүгін кең-байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Далада қыс. Бірақ үй ішінде жылулық бар. Қалалар мен ауылдар жаңажылдық шыршалармен безендірілген. Олардың түбінен балалар сыйлық іздейтін болады. Осы күнде ғана емес, басқа күндері де сендердің бір-бірлеріңе көмектесіп, қолдау көрсеткендерің маңызды. Жаңа жыл – ғажайыптар мен сиқырлар уақыты. Біз үлкен болсақ та, ғажайыпқа сенеміз. Еңбек пен бірлік, Отанға деген сүйіспеншілік кез келген армандарыңды орындауға септігін тигізеді. Сендер осы мерекеге лайықсыңдар!” – деген құттықтауында Мемлекет басшысы жасампаз істердің барлығы өсіп келе жатқан бақытты ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалып жатқанын айтты.

Елбасының құттықтау сөзіне облыс әкімі Ерік Сұлтанов та қосылды.

– Сендер – еліміздің болашағысыңдар. Сендер тәуелсіз және гүлденген Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеп, егемендік жылдары қол жеткізген табыстарды еселей түсесіңдер. Сендердің қазіргі міндеттерің жақсы оқып, Қазақстанның білімді, тәртіпті азаматтары болып өсу, – деген соң Ерік Хамзаұлы жасыл шыршаның шамын жақты.

Содан кейін балалар Аяз атамен және Ақшақармен бірге қол ұстасып шыршаны айнала жүрді.

Биылғы карнавалдық тақырып Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен және “ЭКСПО – 2017” көрмесімен, Қазақстан белгілерімен тығыз байланысты болды.

Кеш соңында киім үлгілері жөнінен жеңімпаз деп танылған бірқатар балаға Елбасы атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Әрбір оқушыға сыйлыққа ноутбук, тәттілер мен кітаптар табысталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp