«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пікір алмасты

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев “Білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы мониторинг” тақырыбында селекторлық жиын өткізді. Ол еліміз бойынша білім беру саласындағы жемқорлық деңгейінің жоғары екендігін атап өтіп, оқыту мекемелеріндегі алым жинаудың жиілеп кеткендігін сынға алды. Үстіміздегі жылдың 9 айындағы мониторинг нәтижесіне сәйкес білім беру саласының 61 өкілі жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған.

Солтүстік өңірдегі департаменттің басшысы Ғалым Тұрсынбаев жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбын жоғары, орта, арнаулы орта, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқу бағдарламаларына енгізу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Агенттіктің тапсырмасына сәйкес облыс мектептерінде рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу бағытында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Қазіргі уақытта мектептерде 433 “Адал ұрпақ” клубы ашылып, оларға 69802 оқушы мүше болып қабылданған. 517 “Парасатты азамат” бұрышы құрылып, “Қоғамдық тәртіп негіздері” тақырыбында 15 пікірсайыс өткізілген.

Жаңа оқу жылының екінші семестрінен “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері” пәні М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі бес факультеттің бірінші курстарында оқытылып, 308 студентті қамтитын болады. Ұлттық ұлан Әскери институтында жаңа пән үшінші курстан міндетті түрде оқытылады.

Селекторлық жиын соңында қатысушылар тәжірибеде туындайтын өзекті мәселелер мен білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу жөнінде пікір алмасты.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа

қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан

облысы бойынша департаментінің

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp