Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим станциясында жеке кәсіпкер Иван Федоровтың “Реактор” техникалық қызмет көрсету станциясы өткен жылы қараша айында ашылды. Содан бері аталмыш кешенді орталық автокөлік иелерінің сүйікті орнына айналып үлгерді.
Аудандық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Алмат Қошановтың айтуына қарағанда, мүсіреповтіктердің орта және шағын бизнеспен айналысуына жергілікті әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде бірнеше жеке кәсіпорындар, халыққа әртүрлі қызмет көрсететін нысандар бой көтеруде. Солардың бірі – “Реактор” техникалық қызмет көрсету станциясы (ТҚС).
Аталмыш нысанның аумағы бір мың шаршы метрден асады. Өндіріс орнына арналған екіқабатты ғимараттың өзі 520 шаршы метрді алып жатыр. Оның бірінші қабатында машина жуу, шина жинақтау, автокөліктер мен мотор жөндеу, май ауыстыру цехтары орналасқан. ТҚС-ның екінші қабатында автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, автошина сататын дүкен орналасқан.
– Осы нысанның құрылысын осыдан бес жыл бұрын бастаған едім. Бәрінен бұрын жобалық-сметалық құжатын жасатуға көп уақытым кетті. Онсыз қазіргі уақытта құрылыс жүргізуге болмайды. ЖСҚ қолыма тигеннен кейін екіқабатты ғимараттың іші-сыртының талапқа сай болуына, әсіресе, қасбеті мен техникалық жарақтануына ерекше назар аудардым. Өйткені, келушілер бірінші кезекте өздері қызметін пайдаланатын кәсіпорынның сыртқы келбетіне, содан кейін ғана оның атқаратын жұмысына назар аударады ғой, – дейді жеке кәсіпкер Иван Федоров. Айтса айтқандай, Локомотив көшесінде орналасқан нысан алыстан-ақ әсем безендірілген кейпімен де, асфальтталған ауласымен де, сәнді қоршауымен де “мен мұндалап” тұр. Техникалық қызмет көрсету станциясының цехтарына қытайдың “Лаунч” құрал-жабдықтары орнатылыпты. Олардың ішінде автомобильдерге техникалық байқау өткізуге арналған қондырғылар да бар. Біз сөз етіп отырған нысанда 11 адам еңбек етеді. Иван Анатольевич жөндеу цехының шеберлері Вусал мен Вугар Гусеиновтарды, шина жинақтаушы Артем Зубак пен Валерий Коренчинді, мотор жөндеу цехының бесаспабы Вадим Трошинді мақтан етеді.
– Жұмысының күрделілігіне байланысты күніне 15 автокөлікке қызмет көрсетеміз, оларды техникалық байқаудан өткіземіз. Ол үшін арнайы сертификатымыз бар. Алдағы уақытта осы жерде тағы 2-3 цех ашсақ па деген ойымыз бар, – дейді Иван Федоров.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.