“Тамшыдан – теңіз” дегендей, жыл сайын өткізілетін “Қайырымдылық” акциясына Петропавл қаласындағы №13 орта мектептің ұжымы да белсене қатысты.
Халқымызда жетім-жесірлерге, өмір тауқыметін көріп жүрген тұрмысы төмен жандарға жұмыла көмек көрсету – ежелден қалыптасқан дәстүр. Мектебімізде күнделікті қасымызда жүрген аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балғындарға қол ұшын беруге ұжым болып атсалыстық. Айлықтың алғашқы онкүндігінде білім мекемесіндегі 13 балаға оқу-құралдары, азық-түлік, киім-кешек түрінде көмек көрсетілді. Оған 12 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
Осындай көмек алғандардың бірі – Васильевтер отбасы. Бұл отбасындағы сегіз баланың үшеуі біздің мектепте оқиды. Әкелері жоқ отбасы мүшелері шешелеріне көпбалалы ана ретінде мемлекеттен берілетін жәрдемақыға күн көреді. Аталмыш отбасыға қалалық білім бөлімі қысқы киім сыйласа, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша әдістемелік бірлестіктің мүшелері азық-түлікпен көмектесті. Мектеп ұжымы мен оқушылар оқуға қажетті құрал-жабдықтар әперді. Көпбалалы ана Ольга Владимировна: “Біздің отбасымызға дәл қазір азық-түлік пен киім-кешек өте қажет еді, мына сыйлықтарды көріп, толқып кеттім. Бізге қиналған кезде көмек қолын созған мейірбан жандарға отбасымыздың атынан шексіз алғысымды білдіремін. Балаларыма да әрқашан осыны айтып отырамын”, – деді.
Мектеп директоры Бауыржан Жүнісов аталмыш шара аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың өздерін ешкімнен кем көрмей, ештеңеге алаңдамай, мектепте тиянақты тәрбие мен білім алулары үшін жасалып отырғандығын түсіндірді. Оқушылар да өздеріне артып отырған үмітті ақтауға тырысатындықтарын жеткізді.
“Қайырымдылық” науқаны әлі де жалғасуда.
Жанар МӘЛІКОВА,
№13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.