Облыстық ішкі істер департаментінің тергеушілері таяуда Петропавл қаласында орын алған қылмыстың мән-жайын анықтауда. Оқиға былайша өрбіген: риэлторлық компанияға келген жас жігіт сол мекемеде қызмет істейтін танысын пышақпен жарақаттайды. Ол суық қаруды жәбірленушінің денесіне емес, басына бағыттаған. Кейін тағы да қаскүнемдік жасағысы келіп, ұмтылғанымен, жәбірленушінің қарсылық көрсеткенінен сескеніп, оқиға орнынан ізін суытады. Риэлторға жасалған қастандық жылжымайтын мүлік агенттігінің ғимаратындағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар өзара сөзге келмеген, бұған дейін де араларында ешқандай кикілжің орын алмапты. Жәбірленуші танысының қылығын түсіне алмай отыр. Ал күдікті өзара жанжалға қызға талас себеп болғанын айтып, ақталған. Бірақ оның бұл қылығы жауапкершіліктен құтқармайды, біреудің денсаулығына қасақана зиян келтіру бабы бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
(Өз тілшіміз).