
Қазақстанды “қарашаңырағым”, “ата мекенім” деп аялап өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдеріне құрметпен қарауға, өзара сыйластықта өмір сүруге баулитын діни мерекелердің бірі – Рождество мейрамы. Православие дінінің өкілдері қаңтардың 6-сынан 7-сіне қарағанда әдеттегідей құлшылық ету үшін шіркеуге жиналады. Жылдағы игі дәстүрге сай облыс әкімі Ерік Сұлтанов кеше Вознесение кафедралды соборына арнайы барып, барлық православиеліктерді діни мерекемен құттықтады.
– Басқа діндер секілді православие де бізді сенім, сүйіспеншілік және жақсылық іспетті баға жетпес құндылықтарды сақтауға үндеп, ғасырлар бойы қоғамның татулығын нығайтуға, қиын сынақтардан өтуге, біздің көпэтносты елімізде бірлік пен келісімді сақтауға қызмет етіп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана саясатының арқасында православиелік қауым да өзге конфессиялардың өкілдерімен бірге қоғамымыздағы руханият пен төзімділікті нығайтуда. Баршаңызды Рождество мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, татулық, тыныштық пен құт-береке тілеймін! – деді Ерік Хамзаұлы.
Өз кезегінде Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир облыс әкіміне діни мейрамға деген ілтипаты үшін алғысын білдірді. “Мемлекеттің діни сезімдерге құрметпен қарауының, еліміздегі конфессияаралық келісімнің арқасында тату-тәтті, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Былтыр Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы, Ата Заңымыздың мерейлі жасы атап өтілді. Рождество мерекесі де барлық қазақстандықтар үшін ортақ қуанышқа айналып отыр”, – деді ол.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.