Ширек ғасыр толып отырған Тәуелсіздіктің тамыры тереңде. Ақ таңымыз атпас бұрын не көрмедік: еліміз сан рет шапқыншылыққа да, аштыққа да ұшырап, бодандықтың қамытын киюге де мәжбүр болды. Қылышынан қан тамған қызыл империя – Кеңес Одағы да көсегемізді көгертпеді. Азаттық үшін күресіміздің “Ақтабан шұбырындыдан” басталып, Желтоқсан оқиғасына дейін жалғасқаны да сондықтан. Желтоқсан оқиғасы демекші, тәуелсіздігімізге түрткі болып, ұлы өзгерістерге жетелеген ондағы көзсіз ерлік азаттықтың ақ таңының атуын тездете түсті. Нәтижесінде Алла тағаланың қалауымен қазіргі бақытымызға қол жеткізіп отырмыз.
Тәуелсіздікке дейін қайдағы бір апиынға теңелген дініміздің аяусыз тұншықтырылғаны анық. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары облыс орталығында он шақты мешітте азан үзілмесе, отызыншы жылдары басталған оларды жабу жұмысы бәрін де тып-типыл қылды. Ақыр соңында қаланың бір қиыры Бензостройдағы жалғыз мешітті қанағат тұтуға мәжбүр болған жамағатты тәуелсіздік қана қуантты. 1991 жылы Ойқаладағы “Қасым мешітін” қайтарып берді. Оның іргесіндегі балық зауытының иіс-қоңысы мінәжат етуге мүмкіндік бермегендіктен, 1994 жылы бұрынғы Янгузаров, қазіргі “Нұр” мешіті намазхандардың игілігіне берілді.
Облыс орталығында – жалғыз, ал аудандарында бірде-бір мешіті жоқ өңірімізде ғибадат ғимараттары салына бастады. Аудандар арасында бірінші болып Тайынша қаласында жаңа мешіт тұрғызылды. Қаржы да, тауар да қат болған тоқсаныншы жылдары кітапхана, клуб сияқты мәдениет мекемелерін мешіттерге айналдыру имандылыққа құлшыныстың көрінісі еді. Мәселен, Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында ғана емес, орталығы – Явленканың өзінде де мешіттер осылай пайда болды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде “Кімде-кім Алла разылығы үшін мешіт салса, оған жәннаттан бір ғимарат тұрғызып беремін”, – деген екен. Міне, осындай сауапқа кенелген небір кәсіпкерлер Саумалкөл, Благовещенка, Қарасай батыр, Николаевка, Жарғайың және басқа да ауылдарда жаңа мешіттер тұрғызды. Биылдың өзінде екі мешіт пайдалануға берілді: бірі – Кирилловка, екіншісі – Петровка ауылдарында. Қазіргі таңда облыс орталығындағы 20-шы шағынауданда 500 орындық жаңа мешіттің құрылысы қызу жүргізілуде.
Өңіріміздегі жетпіс мешіттің бәрі дерлік осызаманғы талаптарға сай. Оларда жамағаттың қатысуымен жұма намаздары, ақшам уағыздары жүйелі түрде өткізіледі. Мешіттерде неке қию рәсімі де жақсы жолға қойылған. Жазда мектеп оқушылары мешіттердегі сауат ашу курстарының тыңдаушыларына айналады. Құлшылық үйлерінің бәрінде де қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылады.
Міне, осындай игі істерді тындыратын дін қызметкерлеріне Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Имам басшы әрі қарамағындағы адамдарға жауапты”, – деген хадисі зор жауапкершілік жүктейді. Имам-молдалардың ғаламторды, заманауи ақпарат алмасуды және байланыс құралдарын жетік меңгеруін, шешендік өнермен сөйлеу әдебін игеруін талап ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл оларды аттестаттаудан өткізді. Сыннан сүрінбей өткен олардың қатарын шетелдерде және өз еліміздегі діни оқу орындарында білім қуған жастар толықтыра түспек.
Еліміздің ғана емес, тұншығумен болған дініміздің де кең тынысын ашқан тәуелсіздік туралы бүгінгідей төл мерекеде болмаса, жайшылықта айта бермейміз, себебі ол – қасиетті ұғым. Тәуелсіздіктің тұғырын бекіту, яғни елдің шаңырағын шайқалтпау – Қазақстанның әрбір азаматының асыл міндеті. Сондықтан да елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең бастысы болып саналады. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: “Бөлінбеңдер”, – деді (“Әли Имран” сүресі, 104-бет). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса: “Бірлік – мейірім, ал бөлінушілік – азап”, – деген (Ахмад, 4/278). Бұл – халқымыз бен мемлекетіміздің қуатты болуына бірлік пен ынтымақ ауадай қажет деген сөз. “Бірлік түбі – береке” дегенді атам қазақ баяғыда айтқан.
“Қызылжар” орталық мешіті де ұлтаралық татулықты сақтауға үлес қосып келеді. Мәселен, биылғы ораза кезінде облыс орталығында тұратын мұсылман диаспораларының барлығы да мешітіміздің асханасында ауызашарлар берді. Біздің елімізден ырыздықтарын тауып, кәсіптерін дөңгелетіп отырған оларға Қазақстандағы ауызбіршілік барынша қолайлы екендігін мақтан тұтамыз. Бұған халқымыздың қонақжайлылығын қосыңыз. Өзге дін өкілдерімен де татумыз: діни мерекелерде олар – бізге, біз оларға ілтипат білдіріп тұрамыз.
Тәуелсіздік дегенде тарихымыз ойымызға оралады. Сонда мынадай да жайтты анық аңғарамыз: ата-бабаларымыз осыншама ұлан-байтақ жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана емес, сонымен бірге бір Аллаға сенумен де қорғап қалды. Оның үстіне озық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды бір-бірімен тығыз байланыстыра білді. Енді солар үміт артқан ұрпақтар – мына біздер сенім биігінен көрінуіміз керек. Бұл ретте болашағымыз – иманды жастардың қатарын көбейту мемлекетіміздің тұғырын нығайта түсуге тиіс. Өйткені, дінсіз ұлт болмайды, ұлтсыз дін болмайды. Салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан дініміз ұлттық ұйысуымыздың бөлінбес бөлшегіне, ынтымақ пен имандылықтың қайнар көзіне айналған.
Сондықтан тәуелсіздікті баянды ету үшін елді де, дінді де жоғары деңгейге жеткізу – алда тұрған айшықты міндет.
Кенжетай БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.