Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада көрнекті Алаш қайраткері, жазушы, драматург, журналист, ғалым, тарихшы Қошке Кемеңгерұлының туғанына 125 жыл толуына арналған “Сан қырлы дарын иесі” атты әдеби кеш өтті.
Шараға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің және М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері, “Қаламгер” клубының мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Қошке Кемеңгерұлының қайраткерлік тұлғасы, қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуындағы журналистік қызметі жөнінде Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Зарқын Тайшыбай баяндама жасады. Алаш қайраткерінің өмірі мен қызметі, шығармашылық жолы, білім мен мәдениетті көтеруге сіңірген еңбегіне аталмыш жоғары оқу орнының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылыйқа Бимақанова жан-жақты тоқталса, Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің қызметкері Назерке Рамазанова Қошке Кемеңгерұлы өмірінің Қызылжар кезеңі туралы әңгіме өрбітті.
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың тарих пәнінің мұғалімі Мәрзия Елембаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алаш қайраткерлеріне арналған жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Нұрай Нұрғожина облысымызда екінші орын алып, республикаға жолдама алған Қошке Кемеңгерұлы туралы жазған ғылыми жұмысымен таныстырды. Жиында жастар Қошке Кемеңгерұлының өлеңдерін жатқа оқыды. Шара соңында қатысушылардың назарына “Алаштың көрнекті қайраткері” атты кітап көрмесі ұсынылды.
Майра ӘШІМОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың бөлім басшысы.