Бүгінде өңіріміздегі жалпы білім беретін мектептердің материалдық базасы инклюзивтік білім беруге сәйкес келмейді. Техникалық және бейімдеу құралдары, арнайы жиһаздар жоқ. Мәселен, өткен оқу жылында №44 орта мектептің жанынан көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы сынып ашылыпты. Оны қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықтауға 11 миллион теңге қаржы жұмсалған.
– Біз өңіріміздегі жалпы білім беретін мектептердегі жасалған жағдайға қарай инклюзивтік емес кіріктірілген білім беру деп атаймыз. Себебі, мектеп инклюзивтік білім беру үшін қажетті дүниелердің барлығымен 100 пайыз қамтылуы тиіс. Ол үшін қомақты қаржы қажет, – дейді Құдабай Илюкин.
Ал өзінің 16 жылдық тәжірибесімен өңіріміздің ғана емес, республика мектептерімен бөлісіп отырған №13 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ирина Таранюктың айтуынша, тірек-қимыл аппараты зақымданған балалар оқитын мектеп қоларбада отырғандардың кедергісіз өтуі үшін подъезд жолдары, лифт және пандуспен жабдықталған. Сондай-ақ, сынып бөлмелері табалдырықсыз, ал санитарлық тораптар тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға қолайлы етіп жасалған. Мектептің барлық дәліздері мен баспалдақтарына тұтқалар орнатылыпты. Мектептердің барлығы бірдей дәл осындай жағдай жасай алмасы анық.
Осыған қарап, әлемді жайлаған дағдарыстың салдары ел экономикасын қыспаққа алған тұста 2020 жылға дейін жалпы білім беретін мектептердің 70 пайызы инклюзивтік білім беруге даяр болатындығына сенуден гөрі күмәнмен қараймыз. Біз осылай секемденгенімізбен, мүгедек бала мен оны тәрбиелеп отырған ата-ананың өмір күрес екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп, шыдағаннан басқа шарасы жоқ қой.
Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап тағдырдың тауқыметіне душар болатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саналы ғұмырын мәнді де сәнді өткізуі үшін алдымен сапалы білім қажет. Ал біздегі сапалы білім берудің сұранысын да, салмағын да статистикадағы сандар ғана көтере алады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.