«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАСЫЗ ШӘРКЕЙЛЕР САН СОҚҚЫЗБАСЫН

Майтабан дегенді бәріміз білеміз, бірақ көп жағдайда оның қайдан пайда болатынын ойлап, бас қатырып жатқымыз келмейді. Өкініштісі де сол. Өйткені, майтабан сырқатының алдын алмаса, күні ертең ол да өзекті мәселенің біріне айналып кетуі әбден мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, тепсе темір үзетін жігіттердің Отан қорғауға қауқарсыздығының бірден-бір себебі де осы майтабан сырқатына шалдығуынан болып тұр.

Бүгінгі таңда майтабан ауруы ерлерде ғана емес, қыз-келіншектерде, тіпті кішкентай балалар арасында да көптеп кездесуде. Яғни, бір сөзбен айтқанда, майтабан ауруы еңбектеген баладан жалындаған жастарға дейін барлығын ақырындап “жаулап” алуда. Әдетте ауруымыз асқынған кезде ғана дәрігерлер алдына баратын қазақ емеспіз бе? Міне, бұл жағынан алғанда майтабан ауруына мүлдем мән бермейтініміз анық. Өйткені, майтабан сырқаты аяқты ауыртпайды, яғни жүйкемізге тиіп, жанымызға батпайды. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл сырқатқа душар болған адам ауыр салмақты көтере алмайды, тез шаршап, жылдам жүгіруі де қиынға соғады. Майтабан сырқаты асқынып кеткен жігіттерді әскер қатарына алмаудың себебі осында. Жалпы ақ халаттылардың сөзіне сүйенер болсақ, майтабан сырқаты көбіне 17-25 жас аралығында ерлер арасында көп кездеседі. Статистикаға сүйенер болсақ, бүгінгі таңда еліміздегі бүлдіршіндердің 75 пайызы майтабан дертіне шалдыққан.  

Туабіткен және тұқым қуалайтын майтабан сырқатынан басқа ондай аурудың арасында өзіміз “сатып” алатын түрі де бар. Ол аяқкиімді дұрыс таңдамағанның салдарынан болатынын дәрігер мамандар да бірауыздан қолдауда. Қазір базарға бара қалсаңыз, неше түрлі аяқкиімнің сатылып жатқанын көресіз. Оның ішінде бағалысы, сапалысы да бар. Бірақ қалтасы жұқа ағайынның көзі әдетте арзанқол аяқкиімге түседі. Сөйтіп, “сау басымызға сақина сатып аламыз” да, кейін айлар, тіпті жылдар бойы аурухана, емхана табалдырығын тоздырып жүреміз. Осындай арзан бағаға ұрынып, кейін онысына қатты өкінгендердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Назгүл есімді келіншек.

– Базарда жүргенде бір бұрышта тұрған үлкен жәшікке көзім түсті. Іші толған балалар аяқкиімі. Оның сыртында 150 теңгеден деп жазылған жазуы бар екен. “Ойын баласына жарайды” деген оймен жаман резеңкенің иісі мұрын жарып тұрса да, қызыма аяқкиімдердің екеуін сатып алдым. Екі күннен кейін қызымның аяқтары қышып, бөртіп, қызарып кетті. Емханаға барғанда дәрігер мұндай жаман аяқкиімдерден түрлі тері аурулары пайда болатынын және бала жүре келе майтабан да болып қалатынын айтты. 10 күн емделіп, сатып алған “бәледен” зорға дегенде құтылдық. Енді арзан дүниеге жоламайтын болдым, – деді ол.

Мамандар сапасыз аяқкиімнің салдарынан адам 12 түрлі кеселге душар болатынын айтады. Бүгін біз мақаланың өзегіне айналдырған майтабан сырқаты да осы тізімге енгізілген. Әрине, кімнің болса да өз денсаулығына зиян келтіргісі келмейтіні айдан анық. Бірақ қазір баға шарықтап тұрған заман. Мәселен, шетелде жасалған аяқкиімдерді қатардағы қызметкер 4-5 жалақысын жинаса әзер алуы мүмкін. Орта дәулеттілердің бәрі бірдей 100-150 мың теңгеге бағаланатын аяқкиімдерді ала бермейді. 40-70 мың теңге тұратын етіктерді қанағат тұтады. 10-15 мың теңгеге аяқкиім сатып алатындар да бар. Денсаулықты күту үшін қам жасауға осылайша әлеуметтік жағдай қолбайлау болады. Сосын халықтың басым бөлігі, амал жоқ, мүмкіндігіне қарай базарлардағы 300-500 теңгенің сүйретпелерін, қыстың 40 градус қақаған аязында 5-6 мыңға бағаланған, “өмірлері қысқа болатын” етіктерді алуға мәжбүр. Бұл да қысқа жіп күрмеуге келмейтін қыспақтан шығудың амалы. Арзан, сапасы төмен аяқкиімдер көбіне Аспан асты елінен жеткізіледі. Қытайдың ондай аяқ-киімдері денсаулыққа зиянды. Сондықтан да бала дәрігерлері аяқкиім сатып алған кезде оның бағасына емес, сапасына аса мән беруді айтып, дабыл қағуда. Сонымен қатар, табанда, яғни ұлтарақтың астына қойылатын жіңішке кішкене темірдің бар-жоғын анықтап алу керек. Супинатор деп аталатын нәрсе болмаған жағдайда өкше төмен қарай түсіп, майтабанмен қоса, түрлі буын ауруларының да пайда болуы әбден мүмкін.

– Майтабаннан емделуге массаж, емдік гимнастиканың тигізер пайдасы көп. Мұндай жол аяқтың бұлшық еттерінің қатаюына ықпал етеді, – дейді Петропавл қалалық балалар емханасының дәрігер-травматологі Амангелді Мұхамеджанов.

Маманның сөзіне сүйенер болсақ, майтабан сырқатына шалдыққан адамдар жайбарақаттыққа салынудың соңы сүйектің, буынның қабынуына, соңы артроз ауруына апарып соғады. Соның салдарынан адамның жүріп-тұруы қиындап, түбінде ота жасауға тура келеді. Көпшілік майтабанды, тіпті сырқат түріне де жатқызбайды. Бірақ бұл қате ой. Ақ халаттылар жалпы тірек жүйесінің негізі осы табан арқылы қалыптасатынын және ол өз қызметін дұрыс атқармаса, омыртқада түрлі аурулар пайда болатынын алға тартуда.

Бірден байқалмаса да, болашаққа жалпы адам ағзасына айтарлықтай кесірін тигізер майтабан ауруы бүгінде кішкентай балалар арасында да көптеп кездесуде. Оның 3 пайызы тұқым қуалаушылық арқылы берілсе, қалғаны жүре келе пайда болады. Оған себеп бірнешеу. Яғни, бала бұлшық етінің әлсіздігі, аяқкиімнің қолайсыздығы, қозғалыстың аздығы, үнемі аяқ-киіммен жүру, дұрыс тамақтанбау, ағзадағы дәруменнің жетіспеушілігі сияқты факторлар. Сондай-ақ, аталмыш сырқат балалардың жалаңаяқ аз жүруінен, шөп, тас, құм баспайтындығынан пайда болады, – дейді дәрігер-травматолог Амангелді Мұхамеджанов.

Бүгінгі таңда майтабанды емдеу және оның алдын алу бағытында балабақшаларда да жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Петропавл қаласындағы “Салтанат” балабақшасында майтабан сырқаты анықталған балалар арнайы тізімге алынып, олармен тиісті мамандар жүйелі түрде жұмыс істейді.

– Бұрынғы кезде майтабан көбіне ұлдар арасында кездесетін, соңғы уақытта қыздарда да бар. Ондай балалармен арнайы жаттығулар жасаймыз. Және ортопедиялық талаптарға сай келетін аяқкиімдер киіп жүрулерін қадағалаймыз. Ата-аналарға баланы үй жағдайында емдеуге қолайлы кеңес береміз. Майтабанмен қатар, қазір вальгустық деформация сырқаты да балалар арасында кездеседі. Ол да табанның дұрыс дамымауынан пайда болады. Екі жағдайда баланың жүріс-тұрысын байқап, емдеу шараларын жүргізу керек. Өйткені, табаннан басталған сырқат уақытымен емделмесе, басқа ағзаға да кері әсер етуі мүмкін. Майтабан және вальгустық деформациясы бар балалар тез шаршап, ширақ қозғала алмайды. Сондықтан да олармен белгіленген уақытта арнайы бекітілген жоспар бойынша жұмыс істейміз. Мұның барлығы – баланың денсаулығы мықты болу үшін істелетін шаралар, – деді “Салтанат” балабақшасының мейірбикесі Кенже Валеева.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp