Тұтынушы – нарықтың басты қозғаушы күші. Әрбір адам күнделікті өмірде сапалы, ыңғайлы әрі қолжетімді тауарларды таңдауға тырысады. Киім-кешек нарығында да осы үрдіс байқалады, ал оның ішінде шұлық өндірісі ерекше орын алады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл өнімді шығару – жоғары технологиялар мен сапалы шикізатты қажет ететін күрделі үдеріс. Әлемдік нарықта шұлық өндірісінде Қытай, Түркия және Ресей көш бастап тұр. Бұл елдерде заманауи автоматтандырылған технологиялар кеңінен қолданылады, шикізаттың негізгі бөлігі – табиғи және синтетикалық қоспалардан тұратын арнайы жіптер.
Қазақстанда бұл сала енді ғана дамып келеді. Сондықтан импортқа тәуелділік әлі де жоғары. Өйткені елімізде шұлық өндірісіне қажетті шикізат өндірісі жолға қойылмаған. Соған қарамастан, жергілікті кәсіпорындар бәсекеге қабілетті өнім шығаруға талпынып келеді.
Қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Matex» шұлық-тоқыма фабрикасы. Бұл кәсіпорын 2018 жылдан бері Петропавл қаласында жұмыс істейді және отандық нарықта сапалы өнімдерімен танылуда. «Matex» фабрикасының өндірісі екі негізгі цехтан тұрады: бірінші цехта Чехиядан арнайы әкелінген 30-ға жуық автоматтандырылған шұлық тігу аппараты жұмыс істейді. Әрбір құрылғының құны 2-3 миллион теңгені құрайды. Бұл заманауи машиналар тоқыма үдерісін толық автоматтандырып, өнімнің сапасы мен өндіріс жылдамдығын арттырады. Екінші цехта дайын шұлықтар сұрыпталып, оралып, сатылымға жіберіледі.
Шұлық өндірісі бірнеше негізгі кезеңнен тұрады. Алдымен шикізат таңдалады. «Matex» өнімдері негізінен Түркия мен Өзбекстаннан әкелінетін жоғары сапалы мақта және полиэстер қоспаларынан жасалады. Келесі кезеңде автоматтандырылған машиналар әртүрлі үлгідегі және түрлі-түсті шұлықтарды тоқиды. Тоқылған өнімдер арнайы құрылғыларда қалыпқа келтіріліп, қажетті пішінге ие болады. Содан кейін тігін цехында шұлықтың ұштары мен резеңке бөліктері бекітіліп, бояу жұмыстары жүргізіледі.
Әрбір өнім сапа стандарттарына сәйкестігі бойынша тексеруден өтеді. Тігіншілер мен операторлар дайын шұлықтардың беріктігін, тігістерінің сапасын мұқият қарайды. Соңғы кезеңде өнімдер өлшемдері бойынша сұрыпталып, қапталып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі сауда орындарына жөнелтіледі.
Фабрикада шамамен 40 адам жұмыс істейді. Олар ерлер, әйелдер және балаларға арналған шұлықтар, сондай-ақ голфи, балалар бас киімдері мен бөкебайлар шығарады.
Фабриканың бас директоры Арамаис Тер-Аствацатурянның айтуынша, компания ең бастысы сапаға мән береді. «Біз шұлық өндірісінде жоғары сапаны қамтамасыз ету үшін Чехияның заманауи машиналарын қолданамыз. Бұл бізге өнім сапасын тұрақты ұстап тұруға және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біздің тігу техникамыз жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін автоматтандырылған жүйелермен жабдықталған. Бұл өнімнің беріктігі мен жайлылығын арттырады. Қазақстандық тұтынушыларға шетелдік өнімдерден кем түспейтін, тіпті сапасы жоғары шұлықтарды ұсыну – біздің басты міндетіміз», – дейді «Matex» кәсіпорнының бас директоры.
Қазіргі таңда қазақстандық нарықта шетелдік өнімдердің үлесі басым. Оның басты себептерінің бірі – баға саясаты. Қытайдан импортталатын арзан шұлықтар нарықта үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар тұтынушылар көбінесе таны мал шетелдік брендтерге басымдық береді. Бұған қоса, қазақстандық шұлық өндірушілер өз өнімдерін кеңінен насихаттауға қажет қаржыны жеткілікті деңгейде бөлмейді. Бұл олардың нарықтағы үлесін арттыруға кедергі келтіреді.