«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПА АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселесі сөз болды.

Жиында сөз алған облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыс аталған мекемеде оң жолға қойылған. Мәселен, көрсетілетін алты мемлекеттік қызметтің біреуі ғана ақылы, ал қалғаны тегін. Өткен тоғыз айда басқарма мамандары азаматтарға 20 қызмет көрсетіп, жер қойнауын пайдаланушылармен 57 келісімшарт жасасқан. Үстіміздегі жылы жер қойнауын пайдалану құқығына ие болу үшін 16 адам конкурсқа қатысуға өтініш білдіріпті.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова мекеме мамандары туроператорлық қызметке лицензия беру, тұрғындарға туристiк ақпарат беру сияқты мемлекеттік қызметтің жеті түрін көрсететінін тілге тиек етті. “Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бiрыңғай бағдарламасы шеңберiнде кәсіпкерлерге жалпы көлемі 16 миллион теңгеге алты грант берілді. Жалпы бұл бағдарлама бойынша әр кәсіпкер үш миллион теңгеге дейінгі қаражатты қайтарымсыз негізде алады. Бұл үшін олар өтініш жазып, конкурсқа қатысады. Көмек еңбек өтілі үш жылдан аспайтын жас кәсіпкерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, 50 жастан асқан әйелдерге беріледі”, – деген Құралай Амангелдіқызы грант алған кәсіпкерлер жарты жыл сайын есеп беріп тұратындығын, егер қаржы мақсатына пайдаланылмаса, кері қайтарылатынын айтты.

Петропавл қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік қызметтің алты түрін көрсетеді. Алайда, өткен тоғыз айда сұраныс болмаған. Бұл туралы баспасөз мәслихатында бөлім басшысы Евгения Сальникова айтып берді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp