«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САРАПШЫЛАР БАС ҚОСТЫ

Аграршылар үйінің үлкен залында Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығына және республикалық “Қазақстанның үздік тауары” конкурс-көрмесіне қатысушыларды бағалау өлшемдері бойынша өңірлік оқыту семинары өтті. Оған сарапшылар топтарының мүшелері, конкурсқа ықтимал қатысушы кәсіпорындардың өкілдері, облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің мамандары мен СҚО бойынша “ҚазИнСт” РМК-нің өкілдері қатысты.

Семинарды облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Василий Чепухин ашып, республикалық сапа бәсекесіне үміткерлерді атау үшін олардың ең алдымен жергілікті сарапшылардың елегінен өтетінін айта отырып, осы оқыту семинарының сол сарапшылық жұмыстың сапасын жақсартуға бағытталып отырғанына тоқталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығының материалдарын қарау жөніндегі комиссияның мүшесі, ТМД сыйлықтарының сапа саласындағы сарапшысы, “ҚазИнСт” РМК-нің бас маманы Мәдина Мұқатова конкурстар өткізудің еуропалық тәжірибесіне назар аударды. Кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуын арттыру үшін сапа саласындағы ұлттық сыйлықтардың рөлі зор екенін айтты. Сондай-ақ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің биылғы жылғы байқау талаптарына енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Енді әрбір номинация бойынша 3 сыйлық тағайындалады, яғни ірі кәсіпорындардан басқа орта және шағын кәсіпорындар жеке өз топтарында бақ сынай алады. Биылғы жылғы 27 мамырда конкурс шартына енгізілген тағы бір өзгеріске сәйкес бұрын байқауға тек заңды тұлғалар ғана қатысып келген болса, енді оған жеке кәсіпкерлердің де қатысу құқы бар.

Одан кейін сөз алған қазақстандық инновациялық менеджмент ұйымының менеджмент жүйесі бойынша сарапшы-аудиторы, еуропалық ЕҒQМ сыйлығының ассесоры Людмила Циновкина осы айтылған мәселелерді толықтыра отырып, бағалау өлшемдерінің арасындағы өзара байланысты және олардың ерекшеліктерін, сондай-ақ, сапа байқауына мінсіз дайындық жасау қажеттігін сөз етті.

Семинардың түстен кейінгі тәжірибелік бөлігінде жиынға қатысушылар сапалық байқауға түсетін ықтимал тауарлардың мысалында олардың бағалау өлшемдерін саралады. Сосын семинарға қатысушылар арасында тест-сауал, қаралған мәселелерді талқылау жүргізіліп, солардың бәрінің қорытындылары бойынша сапа байқауына қатысушы ықтимал кәсіпорындардың сарапшыларына сертификаттар тапсырылды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp