Солтүстік Қазақстан облысында көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарын орындауды мақсат етеді.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге, кәсіпорындарға жарнамалар мен көрнекі ақпарат мәтіндерін келісу бойынша тегін әдістемелік көмек көрсетуде. Басқарманың жанынан құрылған «Жедел желі» қызметі жарнама мәтіндерінің орфографиялық нормаларға сай болуын тексереді.
Бұдан бөлек, басқарма мамандары жарнама берушілер мен жарнама агенттіктеріне, сонымен қатар жеке және заңды тұлғаларға көрнекі ақпарат мәтіндерін дұрыс ресімдеу бойынша көмек көрсетуде. Бұл қызмет туралы мәліметтер басқарманың әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады.
Жыл басынан бері басқарма 70 жарнама эскизі мен 50 мәтінді мақұлдаудан өткізіп, келісім берді. Өткен жылы сауда саласына арналған 500-ге жуық брошюра әзірленіп, таратылған болатын. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Заң талаптарына сәйкес келмейтін көрнекі ақпараттарды болдырмау мақсатында жоспарлы мониторингтік жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде жыл бойы олардың тілдік тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, 2025 жылғы 6 наурыз күні ведомство «Рух. Тіл. Жаңғыру» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, «Қала келбеті – көрнекі ақпарат» атты акция өткізді. Акция аясында Петропавл қаласының 50-ден астам кәсіпкерлік нысаны қамтылды. Олардың қатарында ірі сауда орындары, сервистік орталықтар, дәріханалар және тамақтану орындары бар.
Үстіміздегі жылдың сәуір-қазан айлары аралығында Петропавл қаласы мен облыстың төрт ауданында «Сауатты көрнекі ақпарат – біздің ортақ ісіміз» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Аталмыш акция барысында 100-ден астам кәсіпкерлік нысанына әдістемелік көмек көрсетіліп, жарнама мәтіндері заң талаптарына сәйкестендірілді.
Сонымен қатар 2025 жылғы 29 сәуір күні жарнама саласында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты республикалық конкурстың облыстық кезеңі өткізілді. Қатысушылардан жалпы 11 өтінім келіп түсті, оның ішінде 9-ы іріктеліп алынды. Байқау нәтижесі бойынша I орынға «Архстрой» ЖШС жарнама агенттігі лайықты деп танылды. II орын «ТриАрт» ЖШС-ға бұйырса, ІІI орынды «Зенченко және К» командиттік серіктестігі иеленді.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды. Облыстық кезеңде бірінші орын иеленгендердің жұмыстары республикалық байқауға жолданды. Нәтижесінде, жарнама мәтінін әзірлеуші «Три Арт» ЖШС және заң талаптарына қайшы жарнама мәтіндерін анықтап, түзету жұмыстарына атсалысып жүрген «Рух. Тіл. Жаңғыру» ҚБ төрағасы Әнуар Тоқпан II орынға ие болды.
Көрнекі ақпарат пен жарнама – қала келбетінің айнасы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік тілдің насихатшысы. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.
Әсел БИМАХАНОВА,
облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы.