«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – ПОЛЯКТАР

Петропавлдағы Достық үйінде “Коперник” поляк мәдениеті орталығы өкілдерінің ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Польша Республикасының Тәуелсіздігі күні аясындағы “Алақандағы жүрек” поляк мәдениеті фестиваліне орайластырылды.

– Солтүстік Қазақстанды мекен етіп жатқан поляктар, негізінен, жер аударылып келгендер. Олар – көпғасырлық тарихы бар Қазақстанның бір бөлшегі. Тыныштық ұялаған кең-байтақ Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері бүгінде бір-бірімізбен етене араласып кеттік. Осы жерде туып-өскен ұрпақтарымыз төл тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, тіліміз бен ділімізді үйренуде, – деген “Коперник” поляк мәдениеті орталығының төрағасы Анатолий Крашевский бүгінде өздері тарихи атажұртынан тысқары өмір сүріп жатса да, поляк халқының бір жұрнағы екендіктерін айтты.

Қарашаның 11-і – ғасырдан астам бодандықта болған поляк елінің тәуелсіздігін алып, мемлекеттігін жария еткен күн. Сондықтан мерекелік концерт поляк халқының мәдениетімен танысуға арналды. Оған Астана қаласындағы поляк мәдени орталығынан арнайы келген қонақтар – Юлия Серватинская мен Тайынша ауданының Ясная Поляна ауылының тумасы Ринат Дусумов петропавлдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Екі дауыста ән шырқаған жұп қазақ, татар, поляк, орыс, украин тілдерінде өнер көрсетті. Сонымен қатар, жиналған қауым Нелли Решетова, Сергей Климушин, Лидия Синдицкая, Сергей Карпов, Марина Тябус сияқты өнерпаздар мен Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде поляк тілін үйреніп жүрген оқушылардың өнерлеріне тәнті болды.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp