«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – ТАҒДЫР СЫНЫ

 

Нұр-Сұлтан қаласынан гастрольдік сапармен келген “Жастар” театрының әртістері қызылжарлық көрермендердің назарына драматург Сая Қасымбектің “Лифт” психологиялық драмасын ұсынды. 

Түйткілі көп тіршілік, өмірден қағажу көрген, түңілген жандар, қоғамның қатыгездігі. Қойылым бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын көтерген. Сот ғимаратында тығырыққа тірелген бес адамның тағдыры бүгінгі қоғамның көрінісін көз алдыңа елестетеді. Сотқа адам не үшін жүгінеді? Әділдік іздегендер не үшін өзінен бұрын өзгені айыптауға асық? Бірі бұрынғы жолдасынан алимент өндіре алмай жүрсе, енді бірі бақытсыз балалығы үшін қоғамды жауапқа тартуды көздейді. Өмірде аяғын шалыс басып, сүрінген адам аз емес. Сол сүрінгендердің қатарында спектакль кейіпкерлері де бар.

Бір кездері баласын тастап кеткен опасыз жандарды тар қапаста бетпе-бет жүздестірген Құдайдың құдіреті неткен шексіз еді. Жиырма үш жылдан кейін жолыққан туысқандардың өкініші өзекті өртейді. Ана мен бала, бала мен әке қауышты. Бірақ осы күнге дейін ата-ананың ыстық құшағын аңсаған қаршадай қыз жақындарын кешіре ала ма? Себебі, өмірге өкпелі бойжеткенге ата-анасымен жолығатыны үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді.
Жастық шағында өзінің сүйгенінен жүкті болып қалған келіншектің оқиғасы көрерменді селт еткізбей қоймады. Оқудан шығып қалмау үшін үйде босанып, баласын жетімдер үйінің алдына тастап кеткен екен. Бірақ ананың перзентін ойламауы мүмкін емес қой. Сағыныштың сары уайымымен күн кешкен байғұс ананың мұңшері ішке шемен болып қатқан. Тағдырдың қатал сынына ұшыраған әйелдің жанайқайы өкініш пен өксікке толы.
Бала – Алланың ең үлкен сыйы. Осы сыйдан бас тартқан жандар өмірде бақытты бола алмасы анық. Тұңғышынан кейін тағы үш сәби сүйсе де ол бақытты болған жоқ. Ал жастығын сылтау еткен жігіт жүкті қызды тастап кетуге мәжбүр болғанын айтып ақталды. Отбасын құрып, шаңырақтарын шаттыққа бөлей алмаған қос күнәһар үшін бұл жаза іспетті. Өзінің қателігін кеш түсінген ер-азаматтың басынан өткен оқиға өзгелерге сабақ болса жарар еді. Әсіресе, спектакльді тамашалаған қыз-жігіттер оқиғадан ой түйсе жақсы. Қойылымның көздеген мақсаты осы.
“Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда” демекші, көпшілікке ой салатын қойылымның жүгі ауыр, көтерген мәселесі салмақты. Адамдардың тағдыры арқылы өмірдің қиындығын көрсетуге тырысқан актерлер ар-намыс пен ұят адами қасиеттің биік шыңы екенін жеткізуге тырысты.
Қойылым соңында психологиялық драманың қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев қоғамда қатыгездік, сатқындық пен опасыздық белең алмаса деген идеяны көрерменге ұсыну үшін бі­раз тер төккенін айтты.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp