
Қазақстанның кішкентай ауылында құрылған бишілер ансамблі 1987 жылы Мәскеуде өткен халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысу құрметіне ие болды. Олар Кеңес одағының әр республикасынан жиналғандар назарына ұсынылған “Халықтар достығы” фестивалінде өнер көрсетті. Қазақстандық бишілердің өнері жоғары бағаланып, “Көрме лауреаты” атағын жеңіп алды және ұжым мүшелерінің әрқайсысы кеуделеріне осы көрменің медалін тақты. “Ажардың” бишілері халықаралық конкурстарға қатысып, бағдарламаларымен Польшаның төрт қаласында өнер көрсетті, онда қазақтың ұлттық нақыштағы мың бұралған билерімен көрермендерге таңдай қақтырды.
Сол кезде “Ажар” би ансамблінің құрамында болып, ұстазы Күлизат Нұрғалиқызының алдынан тағылым алған, би өнерінің қыр-сырына қаныққан Зәмзагүл Айтжанова жиырма үш жылдан бері осы ұжымға жетекшілік етеді. Еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары біраз рухани тоқырауды басынан өткерген “Ажар” би ансамблі өнер жолында кездескен қиыншылықтарға мойымай, ертеңгі күнге үмітпен қарап, көрермендерін сүйсінтуден жалыққан емес.
– Ұстазымыздың әр қимылына тәнті болатын едік. Ол кісінің өз ісіне берілгені соншалық, дайындық кезінде бишілерге жоғары талап қоятын. Бірақ соның өзі бізді биге одан әрі ынтықтыра түсетін. Мектепте оқып жүрген балғын шағымыздан апайымыздың соңынан ерген сары уыз балапандардай оның көрсеткен әр қимылын қалт жібермей қайталауға тырысатынбыз, – дейді Зәмзагүл Қайыржанқызы.
Мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған сәтте би өнеріне деген сүйіспеншілігін арман қанатына байлаған балауса қыз шеберлігін одан әрі шыңдап, дамыту мақсатында Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдени-ағарту училищесінің “хореограф” мамандығына оқуға түседі. Білім мекемесінде таңдаған мамандығын меңгерген ол Сырымбетке қайта оралады.
Бүгінде аудан мен облыс көлемінде ғана емес, республикада да танылған “Ажардың” бишілері аталмыш өнердің құдіретін паш етуде. Ұжым 1993 жылы Алматы қаласында өткен “Тамаша” және “Айгөлек” конкурстарына қатысып, жүлдегер атанды. Би ұжымы Ақан сері бабамыздың мерейтойына арналған киноға түсу мүмкіндігіне ие болды. Олар – облыстық “Петропавл көктемі” конкурсының тұрақты қатысушысы. “Ажар” би ансамблі аудандық, облыстық шаралардан тыс қалмайды. Ауданның құрметті меймандары болған америкалық студенттер мен спортшылар алдында да, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерін қарсы алу салтанатында да өнер көрсетті. Аудандардың Мәдени күндері аясында айыртаулық өнерпаздармен бірге “Ажар” би ансамблі де мамлюттік көрермендерге рухани кеш сыйлады.
– “Ажардың” құрамында Сырымбет ауылының әртүрлі жастағы 38 мүшесі бар. Біз ұжымға осыдан отыз төрт жыл бұрын берілген “Халықтық” атағымыздың мәртебесін бүгінге дейін түсірмей, жоғары ұстап, оны әр үш жыл сайын лайықты қорғап келеміз. Бүгінде халқымыздың ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, қазақ тұрмыс-салтының өмірмен байланысын фольклорлық би өнері арқылы дамыту негізгі мақсатымыз – дейді ансамбль жетекшісі.
Биге қатысатын мектептің 1-сынып оқушыларынан бастап, әр салада еңбек ететін ауылдың қыз-келіншектеріне дейін жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылған. Олар “Сырымбет” демалыс орталығындағы би үйірмесіне белгіленген кесте бойынша қатысады. Ұжымда көптен бері өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтаған Гүлмира Тайжігітова, Динара Сұлтанғазина, Зейнұр Көшенова сынды бишілер бар. Олар жастармен тәжірибе бөлісуде.
Ансамбльдің репертуарындағы қазақ ұлттық өнерінен басқа өзге этностардың билерін және балғындарға арналған “Балапан”, “Қуыршақ”, “Сайқымазақ”, тағы басқа да туындыларды талабы мен талғамы жоғары көрермен қауым зор қошеметпен қарсы алып, сүйсіне тамашалайды.
“Ажар” би ансамблі бұл деңгейге оңайлықпен жеткен жоқ, бүгінде сол шыққан биіктен көріну үшін бұрынғыдан да ширақ жұмыс істеу керектігін бишілер түсінеді. Ансамбль мүшелері мен жетекшісі Зәмзагүл Айтжанованың өздеріне сахналық киім-кешекке қажетті қаражат бөлетін аудандық мәдениет бөлімі мен үнемі демеушілік жасап келе жатқан “Сырымбет-1” және “Жарқын-СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне ризашылықтары мен алғыстары шексіз.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойында сахна төрінен табылып, көрермендерін өнерлерімен тәнті еткен би ұжымы ақпан айында өтетін көркемөнерпаздардың аудандық, облыстық байқауларына қызу дайындық үстінде. Түрлі мерекелік шараларда өңір тұрғындарының рухани демалып, ұлттық өнермен сусындауларына би ұжымының қосып жүрген үлесі өлшеусіз. Сахнада биленетін әр бидің сіңірілген зор еңбек пен маңдайдан аққан тердің арқасында туатын шығармашылық өнер екенін түсінген жергілікті билік өз тарапынан сый-сияпатын көрсетіп тұрады.
“Ажар” халықтық би ансамблінің ең алғашқы жетекшісі Күлизат Маргелова – бүгінде “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері. Қазір ол құрметті зейнет демалысында, балалары мен немерелерінің ортасында Астана қаласында тұрып жатыр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.