
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен “Қазақ хандығының мұрасы” шығармашылық театрландырылған қойылымдардың өңірлік байқауын облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша “KazFond” қоғамдық жастар қоры ұйымдастырды.
– Қазақ хандығының құрылуы – еліміздің тарихындағы маңызды оқиға. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларын шоғырландыруда, еліміздің этникалық аумағын біріктіруде, халқымыздың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке мемлекет болып қалыптасуын біржолата аяқтауда түбегейлі шешуші рөл атқарды. Бүгінгі ұрпақ ата-бабалардың ұлы істерін жалғастырып, тәуелсіздіктің көк туын аспанда асқақ желбіретуде, – дейді байқаудың қазылар алқасының мүшесі, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов.
Айта кету керек, байқауға алты ауданның өкілдері ғана қатысуға ниет етіпті.
Алғаш болып сахна төрінде өнерлерін ұсынған Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының әртістері Абылайды хан көтеруді бейнелеген театрландырылған қойылым көрсетті. Әртістердің тарихи оқиғаны бейнелеуі мен музыкалық сүйемелдеуі көрермендер көңілінен шықты. Айыртау ауданындағы Мәдениет орта мектебінің оқушылары және Есіл ауданының шығармашылық ұжымы Керей мен Жәнібек хандардың халқымыздың басын біріктірудегі жанқиярлық ерлігін сахналады. Әсіресе, жас әртістердің өнеріне көрермен қауым қошемет көрсетті. Аққайыңдықтар Көшім ханның сүйікті әйелі – Сүзге ханымның жауынгерлерінің өмірін сақтап қалу үшін өзін өлімге қиғанын шынайы бейнелеуге тырысты. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның жиырмадан астам өнерпазынан құралған топтың “Ұлы Дала тарихы” атты қойылымы өзінің тақырыпты ашудағы шеберлігімен, ұлттық нақышымен, акробатика және балет элементтерін үйлесімді қолдануымен ыстық ықыласқа ие болды.
Қазылардың шешімімен жүлделі орындарға Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау және Есіл аудандары лайық деп танылды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.