«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҒЫНДЫРҒАН «ГАУҺАРТАС» Қызылжар төрін думанға бөледі

Биыл Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің құрылғанына 25 жыл толды. Айтулы шараға орай Ақан сері атындағы облыстық филармонияда «Гауһартас» республикалық ұлттық өнер фестивалі өтті.

– Бұл шараны өңіріміздің мәдени өміріндегі жарқын сәт десек те болады. Фестивальге республикамыздың түкпір- түкпірінен белгілі композиторларды, дирижерлерді арнайы шақырдық. Белгілі композитор, жерлесіміз Жоламан Тұрсынбаев өнердің қайнаған ордасы – Алматыдан Н.Тілендиев атындағы Отырар сазы оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Жалғасбек Бегендіков, Талдықорған қаласынан сазгер, композитор, дирижер Әли Алпысбаев, Оралдан Еркін Нұрымбетов, Астанадан Дәурен Ғылымов, күйші Жанғали Жүзбай және Ерлан Рысқали, Айзат Қарабекова сынды күміскөмей әншілер келіп отыр, – дейді филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжан.

Дәстүрлі өнер фестивалі тұңғыш рет 2014 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған болатын. Ұлттық өнерімізді ұлықтауды, халқымыздың бай музыкалық мұрасын насихаттауды көздеген алғашқы фестивальге Атырау, Қызылорда, Қостанай, Ақмола облыстарынан 400-ден астам өнерпаз қатысып, жиналған жұртшылықты әсем әуендерімен тербеген еді. 2018 жылы «Гауһартас» фестивалі екінші рет ұйымдастырылып, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарының өнерпаздары көрерменнің көзайымына айналды.

Ширек ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі 1999 жылы облыстық филармония жанынан «Есіл» фольклорлық-ансамблі болып құрылған. 2000 жылы құрамы толықтырылып, оркестр деген атаққа ие болды. Алғашқы көркемдік жетекшісі және дирижері – «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Марат Жақыпов. Оркестрдің домбырашылар тобын есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс ұстаз Тойкен Күдерованың домбыра сыныбын аяқтаған жас мамандар толықтырды. Кейіннен оркестр қатарына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп келген жас мамандар қабылданды.

Фестивальде еліміздің танымал дирижерлері, күйшілері мен әншілері өнер көрсетті. Сондай-ақ мерейлі шарада Қызылжар өңіріне арналған жаңа шығармалардың тұсауы кесілді.

– «Гауһартас» – ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан жобаның бірі. Есімдері елге белгілі композиторлардың дені шекараның шебінде тұрған Қызылжар туралы оркестрлік шығармалар жазған, – дейді Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай.

Тайынша ауданының тумасы, Қазақстандағы білікті дирижерлердің бірі Дәурен Ғылымов кешке елордадан арнайы келіпті.

– Мен бұл ұжыммен әрдайым байланыстамын. Оркестр құрылған күннен бастап біз ондағы мамандармен бірге жұмыс істедік. Өткізілетін концерттердің форматын бірге ұйымдастырдық. Қазақтың ұлттық рухын көтерген ұжымға тек сәттіліктер тілеймін, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Дәурен Ғылымов.

Кеш шымылдығын Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Ахмет Жұбановтың «Би күйі» шығармасымен ашты. Кейін Ж.Тұрсынбаевтың «Есіл бойы Қызылжар», Сүгірдің «Шалқыма», Ә.Алпысбаевтың «Есіл, қайда ағасың?», «Бәйге», Н.Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты», «Алатау», Ақан серінің «Алтыбасар», Құрманғазының «Сарыарқа», Сегіз серінің «Гауһартас» сынды шығармалары орындалып, өнерпаздар Қызылжар аспанын думанға бөледі.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp