«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛДЫ

Сәрсенбі күні Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласындағы Мәдениет үйінде көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, публицист, аудармашы, Республика Президентінің “Бейбітшілік және рухани келісім” сыйлығының иегері Герольд Бельгердің өмірден озғанына бір жыл толуына орай “Жазушы Герольд Бельгер – замана тұлғасы” атты республикалық конференция болып өтті. Ол жазушының балдәурен балалық шағы өткен Ыбыраев ауылынан бастау алды.

Мәдениет үйіне жиналғандар алдымен жазушының өзі білім алған орта мектеп пен аудандық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған көрмені тамашалады.  

Конференцияны қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қаламы қарымды қаламгер Герольд Бельгердің өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын тілге тиек етті. Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы Тынымбай Нұрмағанбетов өзінің Герағамен қырық жылдай араласқанын айтып, оның шығармашылығы жайлы тебірене сөз сабақтады. Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Александр Дедерер тағдыр тауқыметін жастайынан көріп өскен Герольд Карловичтің Есіл өзені бойындағы қазақ ауылына қандай жағдайда, қалай келгенін, кейінгі өмірі қалай жалғасқанын, қазаққа бауыр басып, бел баласы болып кеткенін тілге тиек етті.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласпаева, Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин, СҚМУ-дің Тіл және әдебиет институты кафедрасының доценті Сабина Ағыбаева, жазушының жерлесі Қойшыбай Шәниев “Неміс тілі, қазақ тілі және орыс тілі жүрек жырының үш қылы іспетті. Оларды бірінші, екінші, үшінші деп бөлмеймін. Ол тілдер мен үшін өсіп тұрған ағаштың сыбдыры, тамыры, бұтақтары сияқты бір-бірімен үндесіп, тұтасып кеткен” дей жүріп, үш тілде бірдей мүдірмей жазған Герольд Бельгердің нағыз ірі тұлға болғанын дәйекті дәлелдер, тамаша мысалдар келтіре баяндады.

Конференциядан кейін Герольд Бельгердің рухына арналып ас берілді. Дастарқан басында сөз алған алматылық қонақтар осынау игілікті шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған облыс әкімі Ерік Сұлтановқа, аудан әкімі Ербол Сағдиевке алғыстарын білдірді.

Еділ бойындағы Саратов облысының Энгельс қаласында 1934 жылы өмірге келген Герағамыз көзі тірісінде ол жерді туған жерім десе, Есілдің бойындағы Қызылжарды туған елім деп кеткен. “Өзіме де обал жоқ, әбден қазақ болып кеткенмін”, – деген сөзі де оның рухын әр кез биіктете түсетіні анық.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp