Қазір дәрі-дәрмектің түрі көп. Дәрігердің кеңесінсіз антибиотиктерді жиі қолданатын тұрғындар да бар. Ал антибиотиктерді ретсіз тұтыну түбі жақсылыққа апармайтынын көпшілік біле бермейді.
Олар әртүрлі бактерияларға байланысты туындаған инфекцияларды емдеу кезінде қолданылады және адамның барлық ағзаларына күшті әсер етеді. Әсіресе, ауыр инфекциялық аурулардан зардап шеккендер осы дәрі түрі арқылы ғана сауыға алады. Алайда, бұл кез келген сырқатты жазуға көмектеседі дегенді білдірмейді. Антибиотиктердің пайдасы мен зияны бірдей. Ол іштегі зиянды және ағзаға қажетті микроорганизмдерді қатар жояды. Сондықтан оны тек қана дәрігердің нұсқауымен қабылдаған жөн. Себебі, маман емделушіні жан-жақты тексеруден өткізеді және бұрын қандай аурумен ауырғанын, қазіргі сырқатын анықтап, дәрі тағайындайды. Осындай жағдайда ғана пациенттің денсаулығы үшін терапияның тиімділігі артады.
Антибиотиктерді қолданғанда оның сапасына да ерекше мән беру керек. Оның ішінде түпнұсқа дәрілерді пайдаланған жөн. Алайда, қазір дженериктер өтімді болып тұр. Ал дженерик дегеніміз – патенттік мерзімі аяқталған дәрілердің өндірісі.
Антибиотиктер бактериядан туындаған инфекциялық аурулар кезінде де тағайындалады. Мұндай дәрі түрі суық тию немесе тұмау сияқты вирустық инфекциялар кезінде тиімсіз. Мәселен, жөтел пайда болып, қызуы көтеріліп, тұмаудың алғашқы белгілері байқала бастаған сәттен-ақ дәрігердің кеңесінсіз антибиотик қабылдауға дайын тұратындар бар. Алайда, бұл дәрі түрі тұмаудан айығуды тездетпейді және аурудың басқа адамдарға таралуын тоқтатпайды, қайта ауруды емдеуді қиындата түседі.
Мәселен, дәрігерге келген науқастың жөтелі бар, қызуы жоқ. Бірақ мамандардың көпшілігі жөтелдің қандай екенін түбіне дейін анықтай бермейді. Ол аллергиялық па, бактериалдық па, нақтыланбайды. Бұған қоса антибактериалды терапияның өзі амбулаторлық және стационарлық болып екіге бөлінеді. Мәселен, өкпе қабынуы ауруының қоздырғыштарына байланысты оларға әртүрлі антибиотиктер тағайындалады. Себебі, бірінші, екінші қатардағы және резервтегі препараттар бар. Аурудың қоздырғышына байланысты алғашқыда бірінші қатардағы антибиотиктер тағайындалуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда осы тәртіп сақтала бермейді. Дәрігер немесе фармацевт науқасқа бірінші қатардағы емес, аса қиын жағдайда қолданатын резервтегі антибиотик түрін беруі мүмкін. Бұған қоса дәрінің ішу ұзақтығын сақтамайтын, уақытында қабылдамайтын науқастар бар. Мәселен, антибиотиктің бір түрін сегіз сағат сайын қабылдау қажет болса, екіншісінің ұзақтығы он екі сағат болады. Науқастар осы тәртіпті бұзған жағдайда қандағы жағымсыз микроорганизмдер біресе төмендеп, біресе жоғарылап, өте төзімді микроорганизмге айналады. Осыдан кейін науқасты емдеу қиынға түседі.
Антибиотиктерді қабылдаған кезде ішек микрофлорасын реттейтін, құрамында бифидо, лактобактериялары бар препараттарды бірге ішкен жөн. Себебі, антибиотиктер ішектегі қажетті микроорганизмдерді жойып, ішектің микрофлорасын бұзады. Ал иммунды жүйені қалыптастыруға, организмге қажетті дәрумендердің сіңірілуіне байланысты ішек микрофлорасының атқаратын қызметі өте зор. Мәселен, ішкен асты өңеш асқазанға жеткізсе, асқазан арқылы ұлтабар мен ащы ішекте сіңірілу процесі жүреді. Ал қажетті микрофлора жойылып кеткен кезде адам түрлі асқазан-ішек ауруына шалдығуы мүмкін.
Наиля ПОЧИВАЛОВА,
облыстық денсаулық сақтау
орталығының жетекшісі.