Елімізде қыркүйек айынан бастап жанар-жағармай тапшылығы орын алуда. Нәтижесінде сұйық отын бағасының шарықтауына әкеп соқты. Оған еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында жыл сайынғы жоспарланған жөндеу жұмыстарының жүргізілуі және Ресейдегі жанар-жағармай бағасына деген тәуелділік әсерін тигізуде. Бензин тапшылығын сезініп отырғандардың қатарында біздің өңір де бар.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы сауданы дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Нұрқановтың айтуынша, бүгінде өңірімізде 108 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс істесе, оның 37-сі Петропавл қаласында орналасқан. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыста бензин бағасының күрт өскені анықталған. Қазан айының басында шаһардағы жанар-жағармай құю бекеттеріндегі сұранысқа ие “АИ-92” маркалы сұйық отынның бағасы 159 теңгені құраған. Алайда, өткен аптадан бері “ҚазМұнайГаз”, “Shelf”, “Эталон” және тағы басқа жанар-жағармай құю бекеттерінде оның бағасы – 161-162 теңге. Ал “AИ-96” маркалы бензиннің литрі – 172 теңге, дизельдік отын 154 теңгені құрап отыр.
– Облысымызда жанар-жағармай тапшылығы орын алғанымен, жағдай тұрақталуда. Бастапқы кезде бензин шектеумен кейбір жерлерде талонмен берілді. Қазіргі таңда өңірде “АИ-92” маркалы бензиннің 3056 тоннасы бар. Ол – бір апталық қор. Алдағы аптада тағы 1700 тонна отын жеткізіледі. Бұдан бөлек, 5757 тоннаны құрайтын дизель отынын жеткізуші операторлармен келісімшарт жасалды. Жанар-жағармайдың қоры өңірдің сұранысын қамтамасыз етуге жетеді. Қазір өңірге жеткілікті жанармай қорын тасымалдау жұмысы қолға алынды. Демек, көп уақыт өтпей жағдай қалпына келеді деген ойдамыз, – дейді Мұрат Нұрқанов.
Биылғы жылдың солтүстікқазақстандықтар үшін оңайға түспегені анық. Жыл басынан бері азық-түлік пен коммуналдық қызметтер бағасы қымбаттады. Облыстық статистика департаментінің соңғы дерегі бойынша, үстіміздегі жылы ыстық судың бағасы – 28,4 пайызға, орталықтан жылыту – 21,6 пайызға, суық су мен кәріз – 8,5 пайызға, газ құны 14,1 пайызға көтерілді. Осы кезеңде дизель отыны – 13,9 пайыз, бензин бағасы 9,8 пайызға өскен.
Басқарма өкілінің айтуынша, Қазақстандағы мұнай өндіретін зауыттардың бір айға күрделі жөндеуден өту үшін жабылуы жанармай тапшылығын туындатып отыр. Елімізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Олар Павлодар, Шымкент және Атырау қалаларында орналасқан. Зауытқа жылына бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған дейін біздің өңірге сұйық отыны жеткізілетін Павлодар мұнай өңдеу зауыты бір айға жабылған. Нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмағандықтан, “АИ-92” маркалы бензинді Ресейдің Уфа қаласынан жеткізуге тура келген. Павлодарлық кәсіпорын қараша айының басында толық қуатына көшкеннен кейін облысымызда жанар-жағармайға деген тапшылық жойылады деп күтілуде.
Белгілі болғандай, өңірімізде бензин тапшылығы біртіндеп шешіле бастады, бірақ бағаны негізсіз көтерген жанармай құю станциялары қатаң жазаланатын болады. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Наталья Шаяхметова облыстағы жанар-жағармай құю бекеттерінде бағалардың негізсіз өсуі бойынша тексерулер жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Былтыр себепсіз бағаны қымбаттатқандарға қатысты әкімшілік істер қозғалып, қомақты айыппұлдар салынған болатын. Қазір біздің департамент мамандары облыстағы жанар-жағармай құю бекеттеріне тексерістер жүргізіп, олардың бағаны негізсіз қымбаттатуға жол беруін немесе тапшылықты қасақана ұйымдастыруға қатысы бар-жоғын анықтауда. Мониторингтің нәтижесі алдағы аптада белгілі болады. Нарық субъектілері тарапынан баға келісімі белгілері анықталған жағдайда, құзырлы мекемелер тиісті реттеу шараларын қолданатын болады, – деді Наталья Николаевна.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.